
Алматы қаласының Жетісу ауданында орындықтар, қоқық жәшіктері және арт нысандар орнатуға 47 875 000 теңге бөлінеді. Ашық байқау мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды.
Мегаполисте «Жеті тармақ» деп аталатын екі арт күмбез орнатылады. Бұған қоса, Афина атты екі дана өнер нысаны қойылады. Сонымен бірге, ағаш палубасы бар композициялық мәрмәр тастан жасалған 21 орындық орнатылады. Тағы 12 қоқыс жәшігі мәрмәр тастан қашалады. Жеті дана гүл құмыра да мәрмәрдан дайындалады.
Ашық байқауға өтініш қабылдау 15 шілдеде басталып, мұндай жұмыс бір аптаға созылады. Нысандар 2025 жылғы 30 тамызға дейін орнатылуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, ай басында Алматыда Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында испан мүсіншісі Жауме Пленсаның алып мүсіні ашылды. Бұрымды қыздың алып басы миллионер Нұрлан Смағұловтың Almaty Museum of Arts ғимараты алдына орнатылды.