Банк пен қаржы

Биткоин құны алғаш рет 120 мың доллардан асты

Биткоин 116 мың доллардан асып, тарихи жетістікке жетті / фото: Reuters
Биткоин бағасы қайта-қайта көтеріліп жатыр / фото: Reuters

Әлемдегі ең бағалы криптовалюта – Bitcoin (BTC) құны алғаш рет 120 мың доллардан асты. Мақала жарияланған сәтте BTC шамамен 120 950 доллардан саудаланып жатыр.

Биткоин өткен аптадан бері қайта-қайта көтеріліп, тарихи межелерді бағындырып келеді. Дүйсенбі күні таңертең оның құны тағы да шамамен 2,45%-ға көтерілді. Сарапшылар да бұған дейін BTC шілде айында қымбаттайды деп болжаған.

Дәл қазір биткоинның нарықтағы құны 2 трлн 402 млрд доллар тұрады. Бағам көтерілген сайын оның капиталы да арта бермек. Bitcoin-ның нарықтағы құны санаулы күнде 100 млрд долларға көтерілді.

Bitcoin тарихы 2008 жылдан бастау алады. Сол жылы әлем қаржы дағдарысынан ес жия алмай жатқанда, Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен танылған адам (немесе адамдар тобы) биткоин жүйесін сипаттайтын ғылыми мақаласын жариялады. 2009 жылы алғашқы биткоин транзакциясы өтіп, желі жұмысын бастады. Ол кезде бір биткоиннің бағасы небәрі 1 центке де жетпейтін еді. Бірақ арада он шақты жыл өтпей жатып, биткоин миллиондаған адамның назарын аудартты.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 11 шілдеде Биткоин 116 долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан. Ал мамырдың аяғында биткоин құны 111 мың доллардан асқан еді. Себебі сол уақытта АҚШ сенатына стейблкоиндерді реттеу жөніндегі заң жобасы түскен.

Ал 2025 жылғы наурызда Трамп стратегиялық криптовалюта резервін құру керек деп мәлімдеген. Крипто саласындағы ірі компаниялардың дені кезінде АҚШ президентінің сайлауда екінші мәрте жеңіске жетуіне көмектескен. Оның үстіне, Құрама Штаттарда криптовалюта жөніндегі алғашқы саммит биыл 7 наурызда Ақ үйде өткен.