
Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Алайда ел аумағындағы қазба байлық күндердің күнінде таусылады. Республикадағы кен қоры тағы қанша жылға жететіні туралы мәліметті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жариялады.
Қазіргі өндіру көлемін ескерсек, негізгі пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзімі мынадай:
- Алтын — 30 жыл
- Мыс — 38 жыл
- Қорғасын — 156 жыл
- Темір кендері — 957 жыл
- Көмір — 350 жыл.
Министрліктің мәліметінше, марганец, титан, молибден және басқа да стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар тағы біраз жылға жетеді.
«Бұл – қазбаларды ұтымды пайдаланып, геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі жүргізу арқылы Қазақстан өз ресурстық әлеуетін сақтап қана қоймай, жаһандық шикізат нарығындағы орнын одан әрі нығайта алады деген сөз», – деп мәлімдеді министрлік.
Бұған дейін Ядролық энергия жөніндегі агенттік пен Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігі 2080 жылға қарай әлемде анықталған уран қоры сарқылатынын ескерткен. Қазақстан әлем нарығындағы уранның 43%-ын беріп отыр.