Банк пен қаржы

Миллионер Рақышев Украинадағы банкін сататынын растады

Кенес Ракишев
Кеңес Рақышев дәулеті 435 млн долларға бағаланған / фото kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкін Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчукке сатқалы жатыр. Мәліметті Kursiv.Media-ға Қазақстандағы БТА банкі растады.

«В. Мишалов пен Д. Шевчукпен БТА Банкі (Украина) акцияларын сатып алу жөнінде алдын ала келісім бар. Қазір келісім шарттарын Украина монополияға қарсы комитеті қарап жатыр. Украина Ұлттық банкінің келісімінен кейін ғана келісімді жүзеге асыруға болады», — дейді БТА банкінің (Қазақстан) өкілдері Kursiv.Media-ға. 

Украина монополиямен күрес комитеті 23 қаңтарда Мишалов пен Шевчукке жергілікті БТА банкін алуға рұқсат берген. Комитет сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, Мишалов қаржы мекемесі акцияларының 70%-ын, ал Шевчук қалған 30%-ын алады.

Kursiv.Media осы мәселеге байланысты Украина Ұлттық банкіне сауал жолдады. Мақала жарияланған сәтте жауап әлі келген жоқ.

БТА банкі сатып алатын кәсіпкерлер кімдер?

Вячеслав Мишалов 1985 жылғы 24 қыркүйекте Днепрде туған. Ол 2016-2017 жылдары жергілікті қалалық кеңестің депутаты болған. Кәсіппен шұғылданады — «Фрегат» интернет-провайдерінің құрылтайшыларының бірі. Бұған қоса, «Днепропресс‑Сталь» тау-кен зауытын басқарады. АҚШ-та оқыған (Lake Forest Academy және Пенсильвания университеті).

2021 жылы украин баспасөзі Мишаловтың 18 мың биткоины бар екенін жазған. Бұл сол кездегі бағаммен 1 млрд доллардан асады.

Дмитрий Шевчук — IT, венчурлы инвестиция, телеком-сервис және ауыл шаруашылығы салаларында үлесі бар украин кәсіпкері. YouControl базасындағы дерекке сәйкес, Шевчук «ТОПХІЛЛ», «АЙ ТІ КОРП», «Макси‑сервис» («КВАРТАЛ»), «ТЕЛЕМІСТ», «Маєток Крутогірний», «АЙ ТІ ГРУП», «Фінансовая компанія Фін Пей», «ДНІПРО ЮА», «АЙ ТІ ГАЛЕРА» компанияларын басқарады. 

Рақышев банкті бұған дейін де сатуға тырысқан

2020 жылы Кеңес Рақышев Беларусь пен Украинадағы қаржы мекемелерін сату жөнінде шешім қабылдағанын айтқан. Оны беларусь Николай Воробей сатып алғалы жатқаны туралы да мәлімет тараған. Бірақ Украина Ұлттық банкі сауда келісіміне рұқсат бермей қойған.

Бір жылдан соң Украинадағы банкті қазақстандық Kaspi.kz компаниясы сатып алмақ болған. Келісім 2022 жылдың алғашқы жартысында аяқталуы керек еді. Дегенмен тараптар келісе алмай қалған. Сол кезде сарапшылар қаржы мекемесінің құнын 5-6 млн долларға бағалаған.

БТА Банкі Украина — Қазақстандағы «БТА Банкі» акционерлік қоғамына еншілес мекеме. Оның түпкілікті қожайыны – кәсіпкер Кеңес Рақышев.

Украинадағы БТА банкі есебіне қарағанда, 2024 жылы қаржы мекемесінің активі 12,1%-ға азайып, 376,9 млн гривенге (сол кездегі бағаммен 4,6 млрд теңге) дейін түсіп қалған. Таза пайдасы 6,6%-ға артып, 15,3 млн гривенге (188,6 млн теңге) дейін жеткен. 

Кеңес Рақышев — Fincraft Group қожайыны. Сол арқылы ол «БТА» мен «Fincraft Resources» компанияларын да басқарып отыр. Екіншісінің құрамына «SAT Nickel», «SAT Petrochemical» кәсіпорындары мен «Ертіс» ферроникель комбинаты кіреді. Топ мұнай және газ саласында әрекет етіп, венчурлы жобалармен де айналысады. Рақышев Forbes Қазақстан дайындаған ең бай адамдар тізімінде 23-орында тұр. 2025 жылы оның дәулеті 435 млн долларға бағаланған.