
Қазақстан президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) бір комиссиясын басқарады. Бұл туралы осы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Желдібай басқаратын мекеме Жаңа технологиялар және жоғары жетістіктер жөніндегі комиссия деп аталады. Президенттің кеңесшісі онда директор қызметін атқарады.
Комиссия дзюдоға озық технологиялар енгізумен айналысады. Бұған қоса, спорттағы жетістіктер мен әріптестікті дамытуға атсалысады. Федерация Желдібайдың тәжірибесі комиссия жұмысын ілгерілетуге көмектеседі деп есептейді.
Руслан Желдібай Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметіне 2025 жылғы ақпанда тағайындалды. Бұған дейін ол президенттің ішкі саясат және коммуникация жөніндегі кеңесшісі болған. Ал 2023 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.