
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot зымырандарын жіберуге уәде берді. Ақ үй басшысының пікірінше, мұндай қару елді Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғау үшін қажет. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Трамп Киевке Украинаның әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса қажетті нақты қанша Patriot зымыранын беретінін айтпады. Дегенмен осы жүйенің құнын ЕуроОдақ елдері өтеп беретіні мәлім болды.
Ақ үй басшысының Ресей президентінен көңілі қалып барады, деп жазды Reuters. Құрама Штаттар президентінің мәлімдеуінше, Владимир Путин «әдемі сөйлейді де, бірақ кейін кешке бәрін бомбаның астына алады». Өйткені Кремль басшысы Трамптың Украина мен Ресей арасында соғысты доғару талпынысына кедергі жасап отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің зымырандары мен дрондарынан қорғану үшін осындай кешен жүйесін сұрап отыр.
«Біз оларға Patriot кешендерін жібереміз. Олар соған аса зәру. Өйткені Путин шынымен бәрін таңқалдырды. Ол әдемі сөйлейді де, бірақ кейін кешке бәрін бомбаның астына алады. Мұның бір кілтипаны бар. Себебі оның мұндай әрекеті маған ұнамайды», – деп мәлімдеді Трамп.
АҚШ президенті журналистермен Вашингтон түбіндегі Эндюрс әуе базасында сөйлескен.
«Біз оларға (Украинаға – ред.) әртүрлі күрделі әскери техника жолдаймыз. Олар қарудың 100% құнын төлейді. Бізге де керегі сол», – деді Құрама Штаттар президенті.
Ресей әскері Украина аумағына 2022 жылғы 24 ақпанда басып кірді. Бауырлас, көршілес елдер үш жарым жылдан бері соғысып жатыр.