Миллиардер Айдын Рақымбаев қызметкерлеріне смарт-сақина сыйлады

Қазақстандық миллиардер Айдын Рақымбаев Facebook парақшасында қызметкерлеріне жасаған сыйлығы туралы айтты.
Рақымбаевтың айтуынша, ол қазір финдік ғалымдар әзірлеген Oura смарт-сақинасын белсенді қолданып жүр.
«Бұл құрылғының аналитикасы денсаулыққа қатысты ғылыми зерттеулерде де қолданылады. 20-дан астам көрсеткіш бойынша биосенсорлар мен жасанды интеллект көмегімен, тәулік бойы өлшем жүргізіледі», – деп жазды ол.
Сақина басқа да гаджеттер секілді қозғалысты, калорияны, қадам санын бақылап отырады. Бірақ, Рақымбаевтың айтуынша, бұл құрылғының басты артықшылығы – ұйқыны терең талдау мүмкіндігінде.
«Температура, қан құрамындағы оттегі, жүрек соғысы, оның ауытқуы мен қарқындылығы және осы мәліметтердің комбинациясы арқылы адамның денсаулық жағдайының толық бейнесін шығарады. Алгоритмдер циркадтық ырғақты, ұйқы фазаларын, ұйқысыздықты анықтап, әр түннің тиімділігі туралы нақты дерек береді», – деп бөлісті кәсіпкер.
Кәсіпкер смарт-сақина өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға, тіпті ауруларды симптомдар пайда болмай тұрып анықтауға көмектесетінін айтады.
«Соңғы бір жылда бұл сақинаны жақындарыма, достарыма, тіпті сыныптастарыма да сыйладым. Сондай-ақ BI холдингінің 150 басшысына тарту еттім», – деді Рақымбаев.
Сақинаның бағасы шамамен 400 доллар, яғни 210 мың теңге тұрады.
Еске салайық, биыл мамырда қазақстандық кәсіпкер Тұрсын Алагөзов өз қызметкерлеріне Алматыдан 100 пәтер тарту еткен болатын.