
Қазақстанда баланың атына рәсімделген үйді сату үшін міндетті түрде қамқоршылық органдарының рұқсаты қажет. Рұқсат қандай жағдайда қажет, оны қалай алуға болады және мұндай пәтерді сатып алғанда неге мән беру жөн?! Кrisha.kz сарапшылары заңды жолын түсіндіріп көрді.
Кім басты тұлға болып есептеледі?
Егер бала тұрғын үйдің тек бір бөлігінің иесі болса да, пәтерді сатуға қорғаншылық және қамқоршылық органының рұқсаты қажет. Бұл – міндетті талап, оны айналып өту мүмкін емес.
18 жасқа толмаған балалар өз мүлкіне өз бетімен иелік ете алмайды. Олар үшін бұл шешімді ата-анасы немесе қамқоршысы қабылдайды, бірақ қорғаншылық органының рұқсатымен ғана. Онсыз тұрғын үйді сату, жалға беру немесе айырбастау заңсыз саналады.
Келісімшартты кімдер рәсімдейді?
- 14 жасқа дейін – барлық құжатты ата-ана немесе қамқоршы рәсімдейді.
- 14 пен 18 жас аралығы – келісімшартқа әрі бала, әрі ересек тұлға қол қояды.
- 16 жастан бастап бала келісімшартқа өз қолын қоя алады, бірақ тек сот оны әрекетке қабілетті деп таныған жағдайда (мысалы, ресми түрде жұмыс істеп жүрсе).
Қорғаншылық органының рұқсатын қалай алуға болады?
eGov порталы арқылы өтінім беріледі. «Кәмелетке толмағандардың мүлкін иеленуге рұқсат беру» бөліміне барлық құжаттарды жүктеу қажет. Өтініш 3 жұмыс күні ішінде қаралады.
Қажетті құжаттар:
- Ата-ананың ЭЦҚ-сы;
- Баланың туу туралы куәлігі;
- Екінші ата-ананың келісімі немесе неге жоқ екенін растайтын құжат;
Пәтерге қатысты құжаттар;
- Егер бала 10 жастан асқан болса – оның пікірі;
- Егер пәтер сатылса – басқа баспана бар екенін растайтын анықтама.
Рұқсат берілмеуі мүмкін, егер:
- Бала баспанасыз қалса,
- Оның құқықтары бұзылса,
- Құжаттар толық болмаса.
Сатып алушы нені тексеруі керек:
- Қорғаншылық органының рұқсаты бар ма және мерзімі өткен жоқ па (күшінде болу мерзімі – 30 күн);
- Келісімшартты кім қол қойған – ата-ана, қамқоршы немесе баланың өзі ме;
- Тұрғын үйге шектеулер немесе ауыртпалықтар бар ма (еGov, Kaspi, Halyk қосымшаларынан «Формат 2» анықтамасы арқылы көруге болады);
- Барлық құжаттардың түпнұсқасын тексеру қажет – көшірмелер жарамайды;
- Заңгермен кеңескен жөн – құжаттарда заңбұзушылық болса, мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Егер рұқсат болмаса, ХҚКО мәмілені тіркемейді. Тіпті келісімшартқа қол қойылса да, оны сот жарамсыз деп тануы мүмкін. Мұндай жағдайда ақшадан да, пәтерден де айырылып қалу қаупі бар.
Қазақстандықтар пәтер сатып аларда жиі таңдау жасап жатады: жаңадан салынған үйден алған дұрыс па, әлде «екінші нарықтан» таңдаған тиімді ме? Әр нұсқаның өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Толығырақ мына материалдан оқуға болады.