
1 шілдеден бастап Қазақстанда отандық өндірушілер үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу құны 90%-ға төмендеді. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті хабарлады.
Төмендетілген тарифтер мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу дерегінде өзгерістер енгізу секілді барлық кезеңдерді қамтиды. Жаңа бағалар жыл соңына дейін күшінде болады.
Мәселен, бұрын құрамында бірнеше компоненті бар түпнұсқалық биологиялық препаратты сараптау құны 1,7 миллион теңгеден асса, енді ол шамамен 177 мың теңгені құрайды. Ал биоаналог дәріні қайта тіркеу бағасы бұрын 877 мың теңге болса, қазір – 87 мың теңге.
Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім отандық өндірушілерді қолдау және құжаттаманы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) талаптарына сәйкестендіру процесін жеделдету мақсатында қабылданған. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін компаниялар осы жеңілдетілген тарифті пайдаланып, жаңа немесе бұрын тіркелген дәрі-дәрмектерді рәсімдеу кезінде шығындарын үнемдей алады.
Айта кетейік, нарықтағы бағасы қымбат және әлеуметтің маңызы бар препараттар бағасы төмендей түседі. Денсаулық сақтау министрлігі «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС және «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС сияқты жетекші фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады.