Экс-депутат «Amanat» партиясынан шығарылғаны үшін сотқа шағым түсірді

Жамбыл соты облыстық мәслихаттың экс-депутаты Дамир Ташқараевтың «Amanat» партиясының мүшесіне қайта тіркеу және мандатын қайтару туралы апелляциялық шағымын қарады. Алайда сот оның бұл талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Ташқараев өзінің шағымында партиядан шығарылғанын заңсыз деп тануды, партия мүшелігі мен депутаттық өкілеттігін қайта қалпына келтіруді талап еткен.
Қалалық соттың хабарлауынша, ол 2023 жылдың көктемінде «Amanat» партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған, ал 2025 жылдың наурызында партия жарғысын сақтамағаны үшін мүшеліктен шығарылған.
Шағымданушының өкілі Ташқараевтың партия мүшесі ретінде ешқандай міндетін бұзбағанын, оған қандай да бір ескерту хаттары, хабарламалар немесе шешімдер берілмегенін алға тартады. Ал жауапкер тараптың өкілдері Ташқараевты партия қатарынан шығару туралы шешімнің заңды, негізді екенін, белгіленген рәсімге сай қабылданғанын айтып, талапты қанағаттандырмауды сұрады.
Соттың баспасөз хабарламасында Ташқараевты бірнеше рет «партия беделіне нұқсан келтіретін және бекітілген сайлауалды бағдарламаның іске асуына кедергі келтіретін әрекеттерге барғаны» атап көрсетілген.
Нәтижесінде сот бұрынғы мәслихат депутатының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды. Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Дамир Ташқараев пен «Amanat» партиясы арасындағы келіспеушіліктің мән-жайын Halyqstan Telegram-арнасы жариялады. Ташқараевтың өзі партиядан шығарылуын облыс әкімі сөйлеп жатқан кезде оны сөзінен бөліп жібергенімен байланыстырады.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралыевтың партия филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловқа Ташқараевқа қатысты шара қолдануды сұрап, арнайы хат жолдағаны айтылады.
Ташқараевтың ауыл тұрғындарын жинап, Шайқорық ауылында салынуы тиіс жаңа мектеп құрылысына байланысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырғаны атап өтілген. Ол мәслихат сессиясында бұл мектептің қазіргі мектептің жанына, яғни парктік аймақтың аумағына салынуына қарсы шыққан.
Еске салайық, осыған дейін, Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутаты мемлекеттен жымқырған қаражатқа көлік сатып алып, казиноға жұмсағаны белгілі болды.