
VietJet Qazaqstan (Qazaq Air) әуе компаниясы қол жүгінің өлшемін ұлғайтты. Өзгерістер қазірдің өзінде күшіне енді және бұл барлық үш тарифке қатысты. Бұл туралы компания өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Енді жолаушылар ұшақ салонына өздерімен бірге бұрынғыдан көбірек зат ала алады. Қол жүгінің өлшемі 56 × 36 × 23 см болып өзгерді (бұрынғысы – 40 × 25 × 20 см). Бұл – көптеген халықаралық әуе компаниялары қолданатын стандартқа сәйкес келеді.
Сондай-ақ қол жүгінің максималды салмағы да артты:
- «Жеңіл» және «Оптималды» тарифтерінде – 5 кг-нан 7 кг-ға дейін,
- «Комфорт» тарифінде – 5 кг-нан 10 кг-ға дейін.
Бұдан бөлек, компания билетті қайта брондау шарттарын жеңілдетті.
- Енді «Жеңіл» тарифінде ұшу күнін қосымша ақы төлеу арқылы өзгертуге болады.
- «Оптималды» тарифінде қайта брондау баға айырмасы болса, айыппұлсыз жүзеге асырылады.
Әуе компаниясының хабарлауынша, бұл тарифтер жолаушылардан түскен өтініштер негізінде жаңартылған.
Айта кетейік, осы жылы мамырда Vietjet Air мен Qazaq Air стратегиялық келісімге қол қойып, VietJet Kazakhstan атты жаңа компания құрды. Оның әуе паркінде 20 Boeing 737 ұшағы болады.