Wizz Air қыркүйектен бастап Қазақстанға ұшуын тоқтатады

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап лоукостер Wizz Air Абу-Дабидегі жұмысын тоқтатады. Бұл Қазақстанмен де әуе қатынасы тоқтайды деген сөз.
Wizz Air компаниясы Қазақстанға тек Абу-Даби арқылы ғана рейстер орындап келген. Сондықтан Абу-Дабидегі қызметтің тоқтауы елімізге ұшатын барлық бағыттардың жабылуына әкеледі.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, әуе компания Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Абу-Дабиден ұшатын рейстерін тоқтатып жатыр.
«Жабдықтау тізбегіндегі шектеулер, геосаяси тұрақсыздық және нарықтарға шектеулі қолжетімділік бастапқы жоспарымызды жүзеге асыруға кедергі келтіруде», – деді компания басшысы Йожеф Варади.
Осы себепті Wizz Air енді өз қызметін негізгі нарықтарға – Орталық және Шығыс Еуропаға, сондай-ақ Австрия, Италия және Ұлыбританияға бағыттайтын болады.
Қазіргі уақытта Wizz Air Түркістан мен Абу-Даби арасында аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері рейс орындайды. Алматыдан Абу-Дабиге күн сайын ұшады. Бір бағытқа билет құны 134 АҚШ долларынан басталады. Алматы мен Түркістаннан Абу-Даби арқылы Еуропаға арзан бағада жету мүмкіндігі осы рейстер арқылы жүзеге асқан.
Айта кетейік, Wizz Air маусым айының ортасында Астанадан Абу-Дабиге ұшатын рейстерді де тоқтатқан болатын. Себебі – Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдай. Сол кезде компания Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль және Иордания бағыттарын да жапқан еді.
Еске салсақ, маусым айында Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне қазақстандық әуе компаниялары рейстерін уақытша тоқтатты. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, бірқатар елге ұшуға ресми түрде шектеу енгізілді.