Шымкентте электр энергиясын беру шектелді

Жарияланды
Шымкентте электр энергиясын беру шектелді
Шымкентте электр энергиясын беру шектелді/Фото: shutterstock

Шымкент қаласында электр энергиясын тұтыну бойынша уақытша шектеулер қойылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Құранбектің мәлімдеуінше, 4 шілдеде ауа-райының күрт ысуына байланысты «KEGOC» аймақтық диспетчерлік орталығының нұсқауымен «ТЭЦ-3»-тің электр энергиясын өндіру көлемі 70 мегаваттан 0 мегаватқа дейін төмендеген. Осыған байланысты «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі желілері арқылы электр энергиясын тұтынуға уақытша шектеу енгізген. Нәтижесінде қала бойынша электр энергиясын тұтыну 10 мегаватт көлемінде азайып, сол күні кешке шамамен 2 сағатқа 10 ауданда электр энергиясы уақытша ажыратылған.

«Алдағы уақытта қала аумағында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты кейбір аудандарда электр энергиясы ішінара өшірілуі мүмкін. Қалада электр желілерінің тозығы жеткен жерлері көп. Оның көлемі 50 пайыздан асатынын осыған дейін хабарлаған едік. Тозу деңгейі өте жоғары. Сол себепті мұндай өшулер жоспарлы жұмыс барысында да, табиғи себептерге де байланысты алда да болады», – деді қала әкімінің орынбасары.

Қала әкімдігі тұрғындардан аталған уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрады.

Жаз шығып, күн ысығаннан кейін қалада электр қуатын пайдалану көбейген. Мысалы, бұрын сұраныс 350 мегаватт болса, аптап ыстықта 459 мегаваттқа жеткен.

Бұдан бұрын қалада электр жарығы жиі өше бастаған. Бұған наразы кей тұрғындар жарықтың сөнуін дұрыс көрмей, әлеуметтік желіде шағымданған.

Бұған дейін, Шымкенттегі дендрологиялық саябақта ағаш түрі кемігенін хабарлағанбыз. Саябақ әкімшілігінің дерегінше, 2009 жылы онда 560-қа жуық ағаш түрі болған. 2023 жылы оның саны 214-ке кемігені анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз