Шымкенттегі дендрологиялық саябақта ағаш түрі кеміген

Жарияланды
Шымкенттегі дендрологиялық саябақта ағаш неге азайды?/Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта ағаш түрі азайған. Саябақ әкімшілігінің дерегінше, 2009 жылы онда 560-қа жуық ағаш түрі болған. 2023 жылы оның саны 214-ке кемігені анықталған. Мамандар мұның негізгі себебі ағаштардың табиғи қартаюы деп отыр. Қазір саябақтың ғылыми қызметкерлері Қазақстаннан бөлек Өзбекстан және Қырғызстаннан ағаш түрлерінің тұқымын, қаламша және көшеттерін әкеліп күтіп-баптап жатыр.

Ағаш түрі неге азайды?

Шымкенттегі дендрологиялық саябақтың жалпы көлемі – 117 гектар. 1979 жылы саябақ құрылғанда саябаққа мыңнан аса ағаш түрі отырғызылған деген ақпар бар.

Фото: Дилара Иса

Дендрологиялық саябақ әкімшілігінің дерегінше, 2009 жылы санақ жүргізіліп, ағаш түрінің саны 560-қа түскені белгілі болған. Ал 2023 жылы Қарағанды ғылыми институты қайта зерттеу жүргізгенде, ағаш түрі 214-ке кемігені анықталған. Мамандар мұның негізгі себебін ағаштардың табиғи қартаюынан деп түсіндірген. Содан кейін қала әкімдігі саябақ әкімшілігіне ағаш түрін көбейту міндетін қойған.

Саябақ директоры Есдәулет Достияровтың сөзінше, тәуелсіздік алған жылдары газ болмай, жергілікті тұрғындар саябақтағы ағаштарды алып пайдаланған. Алғаш рет ағаш түрінің азаюы осыдан басталған. Ал 2009 жылдан кейінгі азаю ағаштардың табиғи қартаюымен байланысты. Осы аралықта қандай ағаш түрлері жойылғаны әзірге белгісіз. Саябақ мамандары зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр.

Саябақтағы жылыжай мен тұқымбақ

Саябақта ағаш түрін көбейту үшін арнайы жылыжай мен тұқымбақ бар. Саябақтың ғылыми қызметкерлері онда ағаштардың гендік қорын көбейтумен айналысып жатыр. Ол үшін Қазақстандағы ботаникалық саябақтардан бөлек Өзбекстан, Қырғызстаннан 179 түрлі ағаш-бұта тұқымы, 43 түрлі ағаш көшеті және 84 түрлі ағаш-бұтаның жасыл қаламшалары әкелген. Арасында қызыл Қызыл кітапқа енген ағаштар да бар.

Фото: Дилара Иса

«Секвойя ағашы әлемдегі ең биік ағаштардың қатарына кіреді. Оның негізгі таралу аймағы Солтүстік Америка деп айтылады. Осы ағаштың тұқымын алып, жылыжайда өсіріп жатырмыз. Бұл өте жәй өсетін ағаш. 1 жылда шамамен 5-10 сантиметрге дейін өседі. Бірақ ұзақ жыл өмір сүреді. Бұл ағаштың табиғи ерекшелігі бар. Өсіп, қурап жерге құлаған кезде діңгегі тасқа айналады. Кәдімгі тасқа айналады, – дейді Достияров . – Ал тұқымбақта тағы бір ерекше ағаш бар. Бұл – қызғалдақ ағашы. 15-20 жылда тура қызғалдақ сияқты гүл ашады. Биыл бізде осы ағаш гүлдеді».

Дендрологиялық саябақта Қызғалдақ ағашы сияқты Қызыл кітапқа енген 9 түрлі ағаш бар. Оны саябақтағы жиырмадан аса ғылыми қызметкері көзінің қарашығындай күтіп баптайды. Жаңадан егілген ағаштардың тұқымдары мен қаламшасы өніп, жерсініп кетсе саябаққа тағы 2 жүзге жуық ағаш түрі қосылады.

«Көктемде 214 ағаш түріне шеттен әкелінген 43 түрлі ағаш түрі қосылды. Қазіргі есеп бойынша саябақтағы ағаш түрі 257-ге жетті. Ағаш егіліп, көшет қалыпқа жетіп, өнсе жерсінді деген сөзі. Оны есепке ала береміз. Шеттен алып келген тұқымдарымыз әлі өсіп, қаламшаларымыз тамырлады. Тұқым мен қаламшаны қосқанда 2 жүздің үстіне шығып тұр. Соның ең болмағанда 150 не 100 түрін шығара алсақ үлкен жеңіс. Яғни, ол кезде дендрологиялық саябақта ағаш түрі жүз түрге көбейді деген сөз. Бұл өте қиын жұмыс. Сәбиді мәпелеп өсіргенмен бірдей», – дейді Достияров.

Дендрологиялық саябақтың ерекшелігі неде?

Фото: Дилара Иса

Достияровтың пікірінше, жұрт дендрологиялық саябақты өзге демалыс саябақтарымен шатастырады. Бұл саябақтың ерекшелігі ғылым жұмыс істейді. Мысалы, неге ағаштар Қызыл кітапқа еніп жатыр? Ағаш түрі неге азайып жатыр? Дендрологиялық саябақта ағаштың саны маңызды емес, түрі көп болуы керек. Саябақтың жұмысы сонымен өлшенеді.

«Дендрологиялық саябақ пен ботаникалық саябақтың айырмашылығы біз ағаштар мен бұталарға жауап береміз, соны есепке аламыз. Ботаникалық саябақ бізден бір саты жоғары жүреді. Өйткені онда өсімдіктер де есепке алынады. Ботаника ғылым, дендрология оның тармағы. Дендрологиялық саябақ – аспан астындағы ағаштар мен бұталардың мұражайы»,  – дейді ол.

Есдәулет Достияров саябақтағы ағаш түрін көбейтуге бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмағанын айтады. Ол бұл аса бір үлкен қаражатты қажет етпейтінін айтады.

Жалпы Дендрологиялық саябақтың жылдық бюджеті 700 миллион теңгеге жуықтайды. Онда 182 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың 20-дан астамы ғылымы қызметкерлер.

Осыған дейін дендрологиялық саябақта кітапхана құрылысы жүріп жатқанын жазғанбыз. Саябақ әкімшілігі бұл үшін бюджеттен бір тиын ақша бөлінбейді, бір түп ағаш та кесілмейді деп сендіреді. Кітапхана демеушілердің есебінен салынғанымен, мемлекет меншігіне өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз