
Жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна қоқыс түзіледі. Оның шамамен 25,8% қайта өңделеді. Бұл негізінен контейнерге түсетін қауіпсіз қалдықтарға байланысты дерек. Мұны ескерсек, қауіпті қалдықтар санатына жатқызылатын принтер картриджін қоқысқа тастауға бола ма, оны қалай өңдеп жүрміз және бұл мәселеге кімдер жауап береді деген сұрақ туындайды. Осыған байланысты KursivMedia тілшісі мемлекеттік мекемелер мен сарапшылардың пікірін білді.
Қазақстанда картридждер электрон және электр жабдық қалдықтары тобына жатады. Экологиялық кодекстің 293-бап 2-1 тармағына сәйкес, оларды қатты тұрмыстық қалдықтармен бірге қоқысқа тастауға болмайды. Оларды бөлек жинап, арнайы орынға тапсыру керек.

«Бұл қауіпті қалдықтар көшедегі контейнерлерге салынбауы қажет. Олай істеуге тыйым салынған. Себебі, картридждің құрамында тонер бар. Ол қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сондықтан қауіпті қалдықтарды қабылдап, өңдейтін компаниялар лицензия тәртібімен жұмыс істейді», – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Абылай Алмұханов.

Оның сөзін қауіпті қалдықтарды утилизациялаумен айналысатын «ПромТехноРесурс KZ» компаниясының техникалық директоры Роман Мухин толықтырды. Оның айтуынша, картридж дұрыс сақталмаса, қауіпті қалдық саналады.
«Картридж пластик, металл және резеңке бөлшектерден және 5% тонерден тұрады. Ең қауіпті компонент – тонер. Мұнда негізгі қауіп ұсақ дисперсияда, яғни тонер бөлшектері 3-5 микроннан тұрады. Ол табиғи жағдайда ешқайда жоғалып кетпейді, суда ерімейді. Тонер бөлшегі шаң сияқты ауаға тарап, адамның көзіне, тыныс алу жолдарына түсуі мүмкін. Ең басты қауіп осында», – дейді маман.
«Өңделген картридждер туралы ресми статистика жоқ»
Елімізде жылына қанша картридж арнайы орынға тасталатыны, оның қаншасы өңделетіні туралы нақты дерек жоқ. Мұны Экология министрлігі де растады.

«Қазір елімізде қайта өңдеуге жіберілген картридждердің көлемі бойынша ресми статистика жоқ. Сондай-ақ картриджді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар міндетті түрде лицензия алуға тиіс. Өйткені тонер қалдықтары мен металл компоненттерінің құрамына байланысты олар қауіпті қалдықтар қатарына жатады», – деп жазылған министрліктің біздің сауалымызға берген ресми жауабында.
«Жасыл даму» АҚ-ның мәліметінше, Қазақстанда электр жабдықтары мен олардың қалдықтарын өңдеуге және жоюға рұқсат алған мамандандырылған жеті кәсіпорын жұмыс істейтінін айтқанымен, өңделген картридждер туралы ақпарат жоғын растады.
«Нарықтың біртіндеп дамуына қарамастан бұл сегмент қалдықтарды жинау мен өңдеудің жеткіліксіз дамыған инфрақұрылымына байланысты шектеулі болып тұр. Бүгінде Қазақстанда қайта өңдеуге жіберілген картридждердің көлемі бойынша ресми дерек жоқ», – деп жазылған компания жауабында.

Бұл жауаптардан елімізде картриджді арнайы орынға тастау және утилизациялау өзекті мәселе екенін аңғаруға болады. Алайда проблема тек мұнымен шектелмейді. Эколог Азамат Аяйбергеновтің айтуынша, кейбір қазақстандықтар картридж қауіпті қалдық екенін түсінбеуі де мүмкін.
«Бәріміз картридждің қалдық екенін білеміз. Бірақ мен қарапайым тұрғын ретінде оның қауіпті екенін түсінбеуім ықтимал. Мысалы, қалдықтар классификаторында картриджге қатысты тек екі позиция тіркелген: 08 03 17 және 08 03 18. Бұл – құрамында қауіпті заттар бар тонер қалдықтары. Демек картридждің өзі заң бойынша қалдыққа жатқызылмаған», – дейді сарапшы.
Деректерден картридж қалдықтардың бір түрі ретінде экологиялық заңнамамен реттелмегенін, оның қауіпті қалдық ретінде анықтайтын нормативтік құжаттар жоғын байқауға болады.
«Картридж пластмассадан тұратыны белгілі. Бірақ оны да полигонға көмуге тыйым салынған. Қарапайым тұрғын ретінде егер ол (картридж) қауіпті қалдық болып есептелмесе, оны не істеуім керек? Логикалық және заң тұрғысынан алғанда, мен оны қалай және қай санатқа жатқызуым қажет?» – дейді Азамат Аяйбергенов.

Экотренер, эколог Дәрия Ғылымжанқызы қоқыстарды сұрыптап, қабылдау пункттеріне тапсыруға кеңес береді, ал қауіпті қалдықтарды қабылдайтын орындарды 2GIS қосымшасы арқылы анықтап тапсыруға болады.
«Сіз қайта өңделетін және қауіпті қалдықтарды қабылдайтын экологиялық акцияға қатысуға болады. Мысалы, Астанада – Дармарка, Алматыда – Recycle BIRGE. Мұнда сіз қауіпті қалдық саналатын батарейка, шамдар, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер мен косметика, сондай-ақ принтер картридждерін өткізе аласыз», – дейді маман.

Картридж қалай утилизацияланады?
«ПромТехноРесурс KZ» компаниясының техникалық директоры Роман Мухин картридждің қалай өңделетінін айтып берді:
- Ең қиын кезең – картриджді тонер қалдығынан тазарту. Бұл процесс күрделі сүзу жүйесі бар сорғыш жабдықта жасалады. Онда арнайы сорғыш пен компрессордың көмегімен пластмасса бетінен тонер қалдығы алынады;
- Келесі кезең қарапайым физикалық түрде бөлу және фракцияларға бөлу (пластик, металл, резеңке компоненттері, кейін оларды өңдеуге болады).

Сондай-ақ Алматыдағы Alatau картирдж шығаратын зауыттың коммерциялық директоры Серік Құлмырзаев ескі картридждердің корпусын ғана өңдей алатынын жеткізді.
«Біз ескі картриджердің ішіндегі ұнтағын (порошок) тазалаймыз. Өзімізде арнайы құрал бар. Пластмасса корпусын қайтадан өңдейміз, нәтижесінде одан ұнтақ аламыз. 20% (ескі картриджден алынған) ұнтақты қалған (80%) жаңа ұнтақты қосып, (картриджің) корпус шығарамыз. Картридждердің қалған құрамдас бөлшектері бар. Оны біз өңдей алмаймыз. Себебі, бізде арнайы құрал жоқ», – дейді DOC Co.LTD ЖШС коммерциялық директоры.
«Қалдықтар мәселесі бір күнде шешілмейді»
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Абылай Алмұханов қауіпті қалдықтарды жинау және өңдеу мәселесі барын мойындайды.
«Адам болған жерде қалдықтар мәселесі үнемі болады. Оны мойындауымыз керек. Жалпы қалдықтарды бірыңғай реттеуге байланысты проблема бар. Осыған байланысты биыл 26 наурызда премьер-министр Олжас Бектенов қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Онда қауіпті қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бағдарламасын енгізу мәселесі де қарастырылады», – деген ол жауабын қысқа қайырды.
Оның айтуынша, қазір жұмыс тобы құрылған, тұжырымдама күзге дейін әзірленуі керек.
Сарапшы Азамат Аяйбергенов картридждерді өңдеу мәселесін шешу үшін утильалым енгізу қажет деген ұстанымда.
«Біріншіден, картриджді жабдықтың құрамдас бөлігі емес, тікелей өнімдер тізіміне енгізу керек. Екіншіден, оған утилизациялық алымды енгізу шарт. Оның мөлшері жоғары болуы қажет. Бұл шетелден электрон және электр жабдықтарды әкелетіндерге салынуы керек. Үшіншіден, утильалым импорттаушыларға, оның ішінде электрон және электр жабдықтарды шетелден әкелетіндерге қалдықтарды жинауды, қайта өңдеуді және кәдеге жарату мәселесін өздері реттеуге мүмкіндік береді», – деді эколог.
Осы тұста утильалым өнім бағасын көтеріп жібермей ме деген сұрақ туындайды. Маман арнайы төлем болса, бұл картридж бағасының өсуіне қатты әсер етпейді деген ұстанымда.
«Recycle.kz сатында утилизациялық алымның болжамды мөлшерін есептеуге болады. Мысалы, ірі габаритті электр және электрондық жабдықтың (ЭЭЖ) 1 келісі – 15,49 теңге, жылу таратқышы бар ЭЭЖ – 30,98 теңге, Экрандар мен мониторлармен жабдықталған ЭЭЖ – 64,1 теңге, ұсақ габаритті ЭЭЖ – 7,86 теңге, шағын ақпараттық ЭЭЖ (телефондар) – 96,06 теңге», – деді Азамат Аяйбергенов.

Ол жоғарыда қалдықтардың классификаторлық кодын айтқанын еске салды.
«Мысалы, ұсақ габаритті электр және электрондық жабдықтың коды – 8528. Яғни электр және электрондық жабдықтар үшін утильалым қарастырылған. Кеден одағының Кеден кодексіне сәйкес, Еуразия экономикалық комиссиясы коллегиясының шешімі бойынша картридждің коды – 8443 99 900 0. Алайда еліміздегі қалдықтардың классификаторлық кодында картриджің нақты коды жоқ», – деді сарапшы.
Азамат Аяйбергенов картриджерге утильалым енгізілсе, оларды утилизациялау жеңілдейді деген пікірде. Арнайы төлем өнім бағасына әсер етпеуге тиіс.
«Жұмыстағы принтерге 2 жыл болды. Ондағы картриджді қоқысқа тастаған жоқпын. Себебі түсінікті. Егер утилизациялық алым енгізілсе, мен «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторына» немесе арнайы компанияға хабарласып, утильалымға шамамен 100-500 теңге төлеп, «Картриджді алып кетіңіз» деп айта аламын. Бұл айтарлықтай шығын емес деп ойлаймын», – деді ол.
«Бизнесті ынталандыру керек»
Роман Мухин қауіпті қалдықтарды жинау және утилизациялау бизнес мүдделі болған жағдайда ғана іске асуы мүмкін деген ұстанымда.
«Мысалы, біз 2018-2019 жылдары «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) РОП» компаниясының бағдарламасына қатыстық. Нәтижесінде электрон және электр өнімдерінің қалдықтарын жинағанымыз үшін өтемақы алдық. Алматыда шағын тұрмыстық техниканы жинауға арналған 150 контейнер, еліміз бойынша 30 контейнер орнаттық… Қазір Алматы бойынша тек 1 контейнер қалды. Сондықтан қалдықтарды жинауға кеткен шығынды жабу үшін қаржы керек және утилизация барысында алынған материалдарды сатқанда пайда түсуі керек», – дейді ол.
Серік Құлмырзаев бұл пікірмен келіседі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қауіпті қалдықтар мәселесіне де назар аудару керек деп ойлаймын. Мысалы, саладағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, субсидия қарастырылса», – дейді.

Оның пікірінше, қазақстандықтар үшін катридждерді қабылдайтын арнайы орындару ашу керек.
«Мысалы, бүгінде пластмасса бөтелкелерді қабылдайтын арнайы автоматтар бар. Онда адамдар бөтелке өткізіп, бонус жинайды. Менің ойымша, картридж қабылдайтын орын ашу керек. Мысалы, 10-20 картридж өткізсе, оның орнына бір катридж береді деген сияқты ынталандыру амалы керек. Сондай-ақ саладағы кәсіпкерлердің де пікірі мен жағдайын ескеріп, оларды да ынталандырған жөн», – деп сөзін түйіндеді Серік Құлмырзаев.

Мәселенің шешімі
- Мәселенің шешімін қарастырғанда Жапония мен Австралия тәжірибесін зерделеп көрдік. Себебі Жапония – картридж утилизациялау мәселесін жүйелі, заңнамалық және технологиялық тұрғыдан шешкен мемлекет. Мысалы, Күншығыс елі Sound Material-Cycle Society деп аталатын тұжырымдамасына сәйкес, 2000 жылы Basic Act for Establishing a Sound Material-Cycle Society заңын қабылдады. Құжат тұрмыстық және электронды қалдықтарды қайта өңдеуге, оларды азайтуға және өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы өзара жауапкершілікті бөлісуді көздейді.
Сондай-ақ 2001 жылы Law for the Promotion of Effective Utilization of Resources заңы қабылданды. Құжат экономиканың барлық секторында материалдық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы қалдықтарды азайтуға, қайта өңдеуге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге бағытталды.
Құжат аясында бірқатар өнімге арнайы талаптар қойылды: электронды жабдықтар (компьютерлер, принтерлер), картридждер, автокөлік бөлшектері, батареялар, қаптама және пластик өнімдер қоқыстарға тасталмауы қажет. Оларды өндірушілер қабылдап, қайта өңдеуге және тұтынушылар үшін ыңғайлы жинау жүйесін ұйымдастыруға міндетті.
Жапонияда пайдаланылған картридждерді электроника дүкендерінде, пошта бөлімшелері және кеңселер мен мемлекеттік мекемелерде арнайы қабылдайтын орындарға өткізе алады. Содан кейін компаниялар өнімдерді утилизациялайды.
Мысалы, Жапония пошта қызметі мен Canon, Epson, Brother және Ricoh компаниялары бірлесіп іске асыратын Ink Cartridge Satogaeri Project бағдарламасын атап өтуге болады. Мұнда тұтынушы картриджді пошта бөлімшесіне өткізеді, кейін ол өндірушілердің өңдеу орталықтарына жеткізіледі. Нәтижесінде картридж бөлшектеледі және қайта өңделеді, ал қауіпті қалдықтар (тонер) арнайы ережеге сай залалсыздандырылады.
Жоғарыда аталған мысалдардан Жапония заңнамалық тұрғыдан картридждерді терең өңдеуді қолға алғанын, компаниялар пайдаланылған өз өнімдерін қайта өңдейтінін және жүйелі инфрақұрылым жүйесі қалыптасқанын анық байқауға болады.
Сонымен қатар Австралияның Cartridges 4 Planet Ark бағдарламасын да жеке атап өткен жөн. Ол арқылы 50 млн-нан аса картридж қайта өңделіп, жол жабыны (TonerPlas) мен құрылыс материалдарын (eWood) жасалған.
Қазақстан үкіметі қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасына Жапония мен Австралияның тәжірибесін ескеріп, қауіпті қалдықтарды оның ішінде картридждерді қайта өңдеу мәселесіне баса назар аударып, шетелдік компанияларды өнімдерін қайта өңдеуге және жергілікті жерде инфрақұрылымды дамытуға заң аясында міндеттеуі керек.
2. Картриджді өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі (EPR) жүйесіне енгізу, утильалымды енгізу жағын қарастыру. Бұл мемлекеттік деңгейде картридждің қауіпті қалдық екенін мойындауға, арнайы есеп жүргізуге, катриджді утилизациялау процесін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ импорттаушылар утильалым төлейтін болады. Бүгінде елімізде жылына қанша картридж арнайы орынға тасталатыны, оның қаншасы өңделетіні туралы нақты статистика жоқ. Біз ұсынған шешім осы олқылықтың орнын толтырады.
3. «Таза Қазақстан» акциясы аясында халықтың экологиялық мәдениетін көтеру, қауіпті қалдықтар мәселесіне назар аудару, картридж қабылдау пункттерін ашу. Картридж тапсырған қарапайым тұрғынға бонус, жеңілдік немесе салықтық ынталандыру жағын қарастыру.
4. Катридж шығаратын зауыттар мен өңдейтін кәсіпорындарды қолдау. Мысалы, субсидия, жеңілдетілген несие беру. Бұл импорт алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
5. Canon, HP cынды халықаралық компаниялармен серіктестік орнату. Мысалы, Canon-да картридждерді қайта өңдеу бағдарламасы (2024 жылы 473 мың тонна катридж өңдеген), ал HP-да HP Planet Partners бағдарламасы бар (былтырғы көрсеткіш – 875 млн картридж). Біріншісі әлемнің 24 елінде, екіншісі 60-тан аса мемлекетте жұмыс істейді. Бұл елімізге картрижді өңдеу саласында тәжірибе жинауға, инфрақұрылымды қалыптастыруға жол ашады.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Дәурен Ерболатов