Прокурор әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамды 10,5 жылға соттауды сұрады

Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алғаны үшін қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталған Машрапбек Баратовтың ісі бойынша жарыссөз өтіп жатыр. Бұл туралы inform.kz хабарлады.
Сотта алдымен жәбірленушіден жауап алынды.
Жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова 2025 жылдың 7 наурызы тексеру қызметінің инспекторы ретінде ауысымға шыққанын айтты. Сол кезде оған қарай Баратов жақындап, жеке куәлігі мен ұшаққа отырғызу талонын көрсетуін сұрағанда, ол үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберетінін айтқан.
«Ол оң жақ қалтасынан пышақ шығарды, мен айқайладым, әріптестерімді көмекке шақырдым. Ол ешкім жақындамасын, әуежайды жарып жіберемін деді. Мен шок алдым. Сол кезде полиция қызметкерлері, жолаушылар мен әріптестерім келді. Мен басымды көтерген сәтте қасымда Мұса Әбдірайым тұр екен, ол: «қызды жібер, орнына мені ал» деді. Содан кейін Баратов мені жіберді», – деген жәбірленуші.
Сотталушы пышақ шығарғанын мойындады. Оның айтуынша, ол ешқандай талап қоймаған, тек күту залына кіріп, айналаны шолғысы келген. Алайда ол не себепті әуежайды жарып жіберемін деп қорқытқанын түсіндіре алмады.
Іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Машрапбек Баратовты 10 жыл 6 айға соттауды сұрады.
Әуежай ішіндегі оқиға
Машрапбек Баратов 2025 жылдың 7 наурызында Алматы әуежайында өзінен құжат сұраған кезде қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.
Оқиғаның кездейсоқ куәгері Мұса Әбдірайым есімді азамат Машрапбековтың қаруын тартып алған. Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.