Jusan Bank тексеру жүргізбестен Перизат Қайраттың қорына 300 млн теңге аударған

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Jusan Bank, Перизат Кайрат
Jusan Bank Перизат Қайратқа 300 млн теңгені тексермей жіберген/фото: Делия Айдаралива/бильд-редактор: Артур Алексеров

Jusan Bank елімізде су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек ретінде 300 миллион теңгені Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына аударған. Бұл туралы Астана сотында өтіп жатқан Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс барысында айтылды.

Сотқа келген банк өкілінің айтуынша, қаражат тек бір ғана хат негізінде, ешқандай тексеру жүргізілместен аударылған.

Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) өкілінің сөзінше, көмек көрсету туралы шешімді банк басқармасы Перизат Қайраттан келген хат негізінде қабылдаған.

«Біздің мақсатымыз су тасқыны салдарын жою болды. Біз көмек көрсетуге келістік, ал келісімшартта есеп беру туралы талап болған жоқ», – деді банк өкілі.

Алайда тергеу барысында қор ұсынған есепте қате шығып, қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын анықтай алмаған.

«Банк басқармасы бір хатқа сеніп шешім қабылдады дегенге сену қиын», – деді сотта Қайраттың адвокаты.

«Сол кезде Батыс өлкедегі су тасқыны салдарынан жағдай қиын болды.  Сондықтан банк халыққа шұғыл көмек көрсетуге тырысты», – деп жауап берді банк өкілі.

Перизат Қайрат басқа куәні шақыруды сұрады

Перизат Қайрат өзі тікелей байланыста болған банк өкілін жауап алуға шақыруды талап етті.

«Бізге көмек көрсету туралы ұсыныспен бірінші болып банк хат жолдады. Қазіргі куә барлық сұраққа нақты әрі жан-жақты жауап бере алмайды. Сол себепті мен тікелей байланыста болған тұлғадан жауап алу үшін оны сотқа шақыруды сұраймын», – деді ол сотта.

Айта кетейік, бұған дейін Jusan Bank Банк атауын «Alatau City Bank» АҚ деп өзгертті. Jusan Bank – Қазақстандағы ірі банктердің бірі, активтер көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Содан кейін «First Heartland Jusan Invest» акционерлік қоғамы өзінің ресми атауын «Alatau City Invest» акционерлік қоғамы деп өзгертті

Перизат Қайрат ісі

14 шілдеде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.

Басты сот талқылауы барысында Перизат Қайрат әуелі қор құрылтайшыларынан жауап алуды сұрап, сол сәтте «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атын атады.

15 шілдеде іс бойынша куәлерден жауап алынып жатыр. Оның ішінде Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашев Қайрат басқарған қорға не себепті 200 млн теңге аударғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз