
Перизат Қайрат сот барысында «Asar-Ume» қорының президенті Асхат Нұрмашевке сұрақтарға шынайы жауап бергені үшін алғыс айтты. Алайда бұл әрекетінен кейін сотталушыға іске төрағалық етуші судья ескерту жасады.
Судья сотталушының сөзін бөліп, сот отырысы алғыс айту орны емес екенін ескертті.
Сотталушы Қайрат: – Сізге алғыс айтамын, Асхат.
Төрағалық етуші судья: – Сотталушы Қайрат, біз алғыс айтатындай қандай да бір іс-шарада отырған жоқпыз.
Сотталушы Қайрат: – Сонда да, ол прокурордың сұрағына шынайы жауап берді.
Төрағалық етуші судья: – Тоқтаңыз.
Айта кетейік, Қайрат Асхат Нұрмашевке сұрақ қою барысында оған құрмет білдіріп, «Асхат аға» деп атады.
Ал Асхат Нұрмашев сотқа куә ретінде қатысып, Қайрат басқарған қорға не себепті 200 млн теңге аударғанын айтты.
«Газа секторында әскери шиеленіс басталғаннан кейін 1,5 ай өткен соң біз 293 млн теңге жинадық. Бұл – «Asar-Ume» қорының желідегі оқырмандарының жинаған қаражат. Бұл сома 5 күн ішінде жиналды. Біз бәріне көз жеткізгендей болсақ та, «қор құрылтайшылары қаражатты бірден емес, 50 млн теңгеден траншпен аудару туралы келістік. Алайда Перизат Қайрат хат алмасу барысында 293 млн теңгенің түгел аударуды талап етті. Перизат халықаралық хаб аз сома бойынша жұмыс істемейтінін айтты. Сол себепті 2023 жылдың 28 қарашасында 200 млн теңгені «Біз Біргеміз» қорына аудару туралы шешім қабылданды. Бұл сома «Asar-Ume» қорының ресми шотынан «Біз Біргеміз» қорының шотына аударылды», – деді Нұрмашев.