Перизат Қайрат блогерлерді БАӘ-ге апарып, бес жұлдызды қонақүйін төлеген

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Перизат Кайрат, Назим Мисанов, Палестина
Перизат Қайрат, Асхат Нұрмашев, блогер Назим Мисанов/Instagram/missanov

Перизат Қайрат сотына куә ретінде өзін видеотүсірілім және маркетингпен айналысамын деп таныстырған Олжас Садық қатысты. Ол Газа секторына көмек көрсету үшін қаражат жинауды 2023 жылдың 22 қазанында бастаған. Жиналған 83 млн теңгені «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына 2023 жылдың 7 қарашасында аударған.

Айтуынша, әуелі Қазақстандағы Палестина елшілігіне байланысқа шыққан. Содан кейін елшілік ақша аударуға болатын шот нөмірін ұсынған, алайда оның шынайы құжат екеніне көз жеткізе алмағандықтан басқа жол іздеген.

Содан кейін Юнисеф қорымен байланысып, кездесу күнін белгілеген. Сол уақытта Олжас Садыққа Перизат Қайрат хабарласып, өзін таныстырған.

«Оны бұрын таныған емеспін. Біз қазанның аяғы, қарашаның басында таныстық. Өзін таныстырғаннан кейін кездесетін болдық. Жұмыс тәжірибесі барын, немен айналысатынын айтты. «Biz Birgemiz» қоры президент бастамасымен құрылған деді. Осыны естігеннен кейін сенуге болады дедім. Содан кейін Юнисефке қазақстандық қормен жұмыс істеймін деп айттым. 2023 жылдың 7 қарашасында 83 млн теңгені «Biz Birgemiz» қорының шотына аудардым. Тек есебін беріп, фото және видео ұсынуды талап еттім», – дейді ол.

Айтуынша, ақшаны аударғаннан кейін БАӘ-ге барған. Алайда сапар туралы алдын ала білмеген.

«2023 жылдың 8 қарашасында Астана әуежайында болдым. 9 қарашада Абу Дабиде болдық. Барлық шығынды Перизат Қайрат төледі. Қордың ақшасы ма, білмеймін. Ұшып келгеннен кейін Rixos қонақүйіне орналастық», – дейді куә.

Артынша Олжас Садық төлемнің түскенін растайтын құжат сұраған, алайда жауап болмаған.

Сондай-ақ оқыңыз