Перизат Қайрат БАӘ билеуші әулетімен таныс екенін айтқан

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Асхат Нурмашев, Перизат Кайрат, Асар Уме
Перизат Қайрат соты жалғасып жатыр/коллаж kursiv.media

Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 15 шілдедегі сот отырысына «Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашев куә ретінде қатысты. Ол Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға не себепті 200 млн теңге аударғанын түсіндірді.

Асхат Нұрмашев Перизат Қайратпен 2021 жылдан бері таныс екенін, онымен қайырымдылық кештерінде кездесіп тұрғанын айтты.

«Қоғамдық бірлестік шын мәнінде қайырымдылық қызметпен айналысты ма?» деген сұраққа ол «Қордың қызметіне қатысты құжаттармен таныс емеспін» деп жауап берді.

Сондай-ақ ол не себепті «Asar-Ume» қоры Перизат Қайрат басқарған «BizBirgemiz Qazaqstan» қорына 200 млн теңге аударғанын түсіндірді.

«2023 жылы Израиль мен Газа секторы арасындағы әскери қақтығыс ушықты. Қазақстандықтар Газа секторы тұрғындарына көмек көрсетеміз деп ұйғарды. Біз қоғамдық бірлестік ретінде бұл жағдайды бақылап отырдық. 2023 жылдың 1 қарашасына бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Перизат Қайраттың Қазақстандағы Палестина елшілігімен бірлесіп, Газа секторының тұрғындарына көмек жинай бастағаны туралы ақпарат тарады.

Бұған дейін Перизат Қайраттың Қазақстандағы Палестина елшілігімен меморандумға қол қойғаны белгілі болды. Біз де Газа секторы тұрғындарына гуманитарлық көмек ұйымдастыра аламыз ба деп, тексере бастадық. 2023 жылы гуманитарлық жүкті кім арқылы жеткізуге болатыны туралы сенімді дереккөздерді іздедік.

Перизат Қайрат көмек жинау басталғанын жариялағаннан кейін, онымен жеке кездестім. Оның нақты қандай жоспары бар екенін білгім келді. Ол тек Қазақстандағы Палестина елшілігімен арадағы келісімнен бөлек, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) Газа секторына көмек ұйымдастырып отырған бір қормен де байланыс орнатқанын айтты», – деді куә Нұрмашев.

Сөзінше, Қайрат Абу-Дабидегі халықаралық гуманитарлық хабпен байланысы бар екенін айтқан. Ол хаб арқылы Газа секторына халықаралық жүк жіберіледі. Сөзінің рас екеніне көз жеткізу үшін Нұрмашев сол қоймаға да барғанын айтты. Ал Перизат Қайрат қоймаға ғана емес, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен де байланысы бар екенін айтқан.

«Содан кейін біз 10 қарашада Газа секторы тұрғындарына көмек жинай бастадық. «Asar-Ume» қоры өз шотына қаражат жинауды бастады. Перизат Қайратпен арамызда бізге халықаралық қоймаға кіру мүмкіндігін жасау және өз атына және басқа да шотқа түскен қаражат туралы есеп беру туралы келісім де болды. Қаражатты (200 млн теңге) шотына жібермей тұрып, Перизат Қайратпен бірге 2023 жылдың 11 қарашасында сол халықаралық қоймаға (хабқа) кірдік. Бұл Абу-Дабидегі қойма еді. Перизат Қайрат қоймаға ғана емес, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен де байланысы бар екенін айтты», – деп жауап берді «Asar-Ume» президенті сотта.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 14 шілдеде басталды. Алайда 15 шілдеден бастап Астана қаласы соты сот отырысына ZOOM арқылы қосылуға болмайтынын жеткізді. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, журналистердің бұл іске қызығушылық танытып, онлайн қосылуы трансляция сапасын нашарлатқан. Соған байланысты БАҚ өкілдері істі сот ғимаратында басқа залда отырып, онлайн тыңдай алады.

Ал айыптау актісіне сәйкес, Қайрат басқарған қорға палестиналықтарға көмек үшін 566 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналған. Оның тек 7 миллион теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Қалған 559 миллион теңге Перизат Қайрат пен анасы Алашбаева тарапынан өз қалауынша жұмсалған.

Сондай-ақ оқыңыз