Астана алдағы он жылда қалай өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Астана алдағы он жылда қалай өзгереді
Астана алдағы он жылда қалай өзгереді/Фото: shutterstock

Астана тұрғындарының саны 1,5 миллион адамға жетіп, жыл сайын шамамен 7 пайызға өсіп келеді. Бұл туралы елорданың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері сараланып, 2035 жылға дейінгі негізгі даму бағыттары белгіленген жиында қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Қаланың жаңа бас жоспарына сай, халық саны 2,3-2,5 миллион адамға дейін артады деп болжанған.

2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілмек. Әкімдік дерегінше, қаланың құрылыс саясаты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға және жасыл аймақтар құруға басымдық береді.

Қала әкімінің айтуынша, барлық жұмыс «адамдарға арналған қала» қағидатына негізделіп отыр. Яғни, басты назар тұрғындардың өмір сүру сапасына, қолжетімді әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға аударылған.

Астанада қоғамдық көліктің үлесін қазіргі 41 пайыздан 71 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.

«Бұл ретте автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Сонымен қатар, LRT жобасын іске асыру жалғасуда. Алғашқы желінің сынақ режимінде іске қосылуы биылғы қыркүйекке жоспарланған», – делінген әкімдік ақпаратында.

Жиында экология және көгалдандыру мәселесі де ерекше назарда екені айтылған. Соңғы үш жыл ішінде Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Қалада көгалдандыру ережелері қабылданып, ағаштарды цифрландыру жүйесі енгізілген. Кші Талдыкөл аумағында экопарк салынып жатыр, сондай-ақ Green Line жаяу жүргіншілер жолы мен Damu паркі қолға алынған.

Сондай-ақ елордада креативті индустрия мен оқиғалы туризм де дамып келе жатқаны айтылды. Қалада халықаралық мәдени және спорттық іс-шаралар жиі өтеді. Биыл Астанада әлемдік жұлдыздардың концерттері де жоспарланған.

Айта кетейік, Астанада 1 тамызда Дженнифер Лопес, 21 қыркүйекте Backstreet Boys тобының концерті өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз