Кәсіпкер үш жыл жазықсыз қамауда отырғаны үшін қомақты қаражат өндіріп алды

Ақмола облыстық сотының алқасы үш жыл бойы тергеліп ақыры кінәсіздігі дәлелденген кәсіпкерге өтемақы өндіру ісін қарады.
Мәселенің мән-жайы
2019 жылғы қазанда полиция тергеушісі кәсіпкердің үстінен қылмыстық топ құрып, оған қатысты, бөтен адамның мүлкін ұрлады деген аса ауыр және ауыр айыппен іс қозғап, тергеу бастайды. 2020 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы шілдеге дейін кәсіпкер қамауда, арасында үй қамақта болған.
2023 жылғы желтоқсанда іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Үш жыл бойы табыссыз қалған
Кәсіпкер П. қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғанын, бұлтартпау шараларының нәтижесінде жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай, қаражатсыз қалғанын айтып, сотқа жүгінген. 2021 жылы компаниясы банкрот деп танылған. 2023 жылы құжаттарды уақтылы бермегені үшін оған жер пайдалану құқығын ұзартудан бас тартқан.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, кәсіпкердің пайдасына 14 млн теңге материалдық залал, 16,8 млн теңге жоғалтқан жалақы сомасы, 9 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.
Алқа шешімі
Алқа қаулысымен сот шешімі төмендегідей факторларды негізге алып, өзгеріссіз қалдырылған.
– П.-ны қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту және бұлтартпау шарасын таңдау фактісі іс материалдарымен расталған.
– Сот заңсыз қудалау мен қамауда болған кезеңде келтірілген материалдық залалдың, үй қамауының арасындағы тікелей себепті байланысты анықтаған. БЖЗҚ мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылғы тамыздан 2020 жылғы шілдеге дейін П. 16,8 млн теңге мөлшерінде жалақы алмаған.
Сонымен қатар, талапкер адвокаттың қызметіне 28 млн теңге төленгенін мәлімдеген. Алайда сот оның жартысын өндіру туралы шешңм шығарған.
«Заң қызметін көрсету шарты екі тармақтан тұрады – қылмыстық іс бойынша өкілдік және азаматтық тәртіпте ЖШС-нің өкілдігі. Адвокат міндеттемелерді тек бір ғана тармағы бойынша орындады, сондықтан қылмыстық іс бойынша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша 14 млн теңге ғана өндіріп алынды», – делінген хабарламада.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Бұған дейін, прокурор әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамды 10,5 жылға соттауды сұраған.