Алматыда Клочков көшесінің бір бөлігінде қозғалыс шектеледі

Алматының Алмалы ауданындағы Клочков көшесінің бір бөлігінде 50 жыл бұрын тартылған жылу желілерін ауыстыру жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлады.
Алдағы жылу маусымына дайындық аясында Алмалы ауданында 1978 жылы пайдалануға берілген 172 метрге жуық жылу магистралі ауыстырылмақ.
Осыған байланысты 16 шілде мен 1 тамыз аралығында Клочков көшесінің бойымен Қарасай батыр көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейінгі аумақта автокөліктер үшін қозғалыс жабылады. Қозғалыс екі бағытта шектелмек.
Алматы жылу жүйесі компаниясы жаңарту жұмыстары жүргізілетін кезеңде тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз ету сақталатынын жеткізді.
Жаңартылатын жылу магистралі 3 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарын жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Биыл қалада барлығы 39 шақырым жылу магистралін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл жылу желісінің ескіруін 54%-ға дейін төмендететіні айтылды.
Бұған дейін, ескі құбыр ауыстыру жұмыстарына байланысты Алматының Байтұрсынов және Бұқар жырау көшелерінің қиылысында жол қозғалысы шектелетіні хабарланған.