Әлем чемпионатында күміс жеңіп алған шахматшылар министрден марапат алды

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов блиц шахматтан командалық әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесті. Чемпионат Лондонда Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) аясында өткен.
Әлем чемпионатына 52 команда қатысқан. Қазақстан құрамасы командалық есепте күміс жүлдені иеленіп, жекелей сында 6 жүлде, оның ішінде 2 алтын медаль жеңіп алған.
Кездесу барысында министр Қазақстан командасының жетістігін тарихи оқиға деп атап, отандық шахмат мектебінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші екенін айтты.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – жеке жетістік емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш. Сіздер елімізді әлемнің үздік шахмат ұжымдарымен терезесі тең екенін дәлелдедіңіздер», – деді Ербол Мырзабосынов.

Жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізгені үшін гроссмейстер, KazChess командасының мүшесі Дармен Садвақаcов, команда капитаны әрі күміс жүлдегер Гүлмира Дәулетова, сондай-ақ спортшылар Алдияр Ансат, Елназ Қалиахмет және Ислам Айтен алғыс хаттармен марапатталды.
Спортшыларды қолдау және ынталандыру мақсатында олардың әрқайсысына ақшалай сертификаттар табысталды.
Шахмат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

«Кез келген жетістік – бұл жай ғана спорттық нәтиже немесе жеке жеңіс емес, мемлекеттің жүйелі қолдауының нақты көрінісі екенін жақсы түсінеміз. Біз бұл қолдауды әр кезеңде сезініп келеміз: балалар шахматын дамытудан бастап, елімізде ірі халықаралық турнирлерді ұйымдастыруға дейін. Бұл бізге ерекше серпін береді, жігерлендіреді әрі алдағы биік мақсаттарды айқындауға жол ашады», – деді Тимур Турлов.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық шахматшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда 81 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 34-і – алтын, 21-і – күміс, 26-сы – қола.
Бұған дейін, Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент оқушылары АҚШ-қа шахмат жарысына баратынын хабарлағанбыз.