Енді туристер төрт елдің тау курорттарына жеңілдікпен бара алады

2025 жылғы 11-13 шілде аралығында Әзербайжанның Шахдаг туристік орталығында Түркі мемлекеттерінің тау курорттары одағының халықаралық саммиті өтті. Оған түркі әлемінің жетекші тау шаңғы курорттары қатысты. Оның ішінде Шымбұлақ (Қазақстан), Шахдаг (Әзірбайжан), Улудаг (Түркия) және Әмірсой (Өзбекстан) курортттары бар.
Саммиттің басты шешімінің бірі – туристерге одақтың барлық курортында бонус пен жеңілдік алуға мүмкіндік беретін бірыңғай адалдық картасын әзірлеу болды. Жүйе қонақтардың мінез-құлық деректерін ескере отырып, жеке ұсыныстар, акциялар және маусымдық абонементтер ұсынады.
Сонымен қатар, саммитте интеграцияланған цифрлық платформаның прототипі таныстырылған. Бұл платформа қазірдің өзінде Түркия курорттарында қолданылуда әрі саяхатшылар үшін толық ақпаратты қамтитын B2C модулін, сондай-ақ туроператорлардың маршруттар мен пакеттермен жұмысын жеңілдететін B2B сегментін қамтиды.
«Қазақстаннан келген туристерге қандай пайда? Одақ курорттары арасында бірыңғай шарттармен және бонустармен саяхаттау мүмкіндігі, маусымдық абонементтерді қолдану, ортақ адалдық жүйесіне қатысу, цифрлық платформа арқылы турларды ыңғайлы таңдау және тәжірибе алмасу арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру,» – деді Шымбұлақ тау куротының бас директоры Ринат Абдрахманов.
Кадрларды даярлауға да ерекше назар аударылған. Шымбұлақ тау курорты Pisten Bully компаниясымен серіктестікте Орталық Азия елдері үшін ратрак операторлары мен техникалық персоналды даярлау бойынша бірыңғай академия құру бастамасын ұсынған. Cондай-ақ одақ курорттары арасында кадр алмасу бағдарламасы мен жалпы кадрлық резервті қалыптастыру мәселелері талқыланған.
Бұдан бөлек саммит барысында одаққа кіруге тағы төрт курорт өтініш берген. Олар «Oi Qaragai» (Қазақстан), Tufandag (Әзербайжан), Erciyes және Ejder3200 World Ski Center (Түркия).
Одақ Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен Шахдаг және Шымбұлақ курорттарының бастамасымен құрылған. Олардың қатарына алғашқы күндерден бастап Түркияның Улудаг және Өзбекстанның Амирсой курорттары қосылып, біртұтас туристік кеңістікті қалыптастыруға мүдделі екенін растаған. Шахдагтағы бірінші саммит стратегиялық диалогтың, тәжірибе алмасудың және бірлескен туристік шешімдерді іске қосудың бастапқы нүктесі болғаны айтылады.
Саммит қорытындысы бойынша 2026 жылы Шымбұлақта Одақтың екінші халықаралық саммитін өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін, Қазақстанның түркі туристік кеңістігіндегі рөлі туралы жазғанбыз.