Жеткізу қызметі тапсырысты тегін жеткізбегені үшін айыппұл арқалады

Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті дайын тағамды жеткізу қызметін көрсету барысында тұтынушының құқықтарын бұзған компанияға айыппұл салды.
Жеткізу қызметі тұтынушы ірі сомаға тапсырыс бергеніне қарамастан, оған тегін жеткізуден бас тартқан. Ол мұны жеткізу қала шегінде ғана тегін жүзеге асырылатынымен түсіндірген.
Алайда мұндай шектеулер жөнінде ақпарат ресми сайтта да, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда да көрсетілмеген. Тұтынушы көрсеткен мекенжай нақты жеткізу аймағына кіретініне қарамастан, оған ақылы жеткізу ұсынылған.
Наразы тұтынушы кәсіпкерден заңнамада көзделген ресми мәліметтерді, атап айтқанда, бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) және тіркеу деректерін ұсынуды сұраған. Алайда қызмет көрсетуші бұл ақпаратты бермеген.
Департамент бұл жағдай «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның бірнеше нормаларын тікелей бұзатынын атап өткен. Осылайша, жеткізу қызметі тұтынушыны жаңылыстырды деп танылып, оған айыппұл салынған.
Департамент қызмет көрсету бойынша алдын ала мәлімделген шарттарды сақтау әрі орындаушы туралы ақпараттың ашықтығы – таңдау емес, заңмен белгіленген міндет екенін ескертеді.
Бұған дейін, сот арқылы үш жыл жазықсыз қамауда отырған кәсіпкердің құқығы қорғалғанын хабарлағанбыз.