Қайта ашылған Жезқазғандағы шулы істе прокурор айыпталушыларға ауыр жаза сұрады

Жезқазғанда қайта жанданған Медет Исламның өліміне қатысты істе жарыссөз өтті. Бұл туралы жәбірленушілердің заңды өкілі Инга Иманбай айтты.
Заңгердің сөзінше, облыстық сотта өткен жарыссөзде прокурор айыпталушыларға ауыр жаза беруді сұраған.
Атап айтқанда, күдікті Замангожинді 18, Балтабайды 18, Советті, Маназаровты, Бектасов пен Абдулгизиевті 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Наурыз айының басында «Жезқазғаннан әділдік таппадық» деген ағайынды Саят Ислам мен Қайсар Әбділғалел Алматыда журналистер алдына шығып, кісі қолынан қаза тапқан бауыры Медет Исламның ісіне қоғам назарын аударғысы келетінін мәлімдеген. Олар бауырын қылмыстық топтың мүшелері өлтіргенін айтып, кінәлілер тиісті жазасын арқалағанын қалайтынын жеткізген.
Мамыр айында жезқазғандық ағайындылардың үні Бас прокурорға жетіп, Берік Асылов сот үкіміне наразылық білдірген. Ұзамай шулы істегі алдыңғы сот үкімінің күші жойылған.