
Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сынды ірі мұнай кен орындарын игеріп отырған шетелдік компаниялармен өнімді бөлу туралы (ӨБТ) келісімді қайта қарауға ниетті. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Алайда үкімет басшысы бұл мәселе қашан қолға алынатынын нақтыламады. Оған қоса бұл келісімдердің шарттары әлі күнге құпия болып келеді.
«Ірі мұнай жобалары өнімді бөлу туралы келісім негізінде игеріліп жатыр Бұл келісімдерде ел мүддесі қажетті деңгейде қорғалмаған деген пікір бар. Енді біз консорциум серіктестерімен жаңа кезеңге арналған ӨБТ келісімдерін жасау жөнінде келіссөз бастамақпыз. Келіссөз шеңберінде Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламыз. Бірақ бұл бұрын жасалған келісімшарттарды күшпен қайта қарау деген сөз емес. Себебі мұндай мәселе өте нәзік және елдің инвестициялық ахуалына әсер етеді. Сондықтан бұл жұмысты байыппен жүргіземіз», – деді Бектенов баспасөз мәслихатында.
Келісімдерге 90-жылдардың соңында қол қойылған. Бектенов оларды бірден, бір мезетте өзгертіп жіберу мүмкін емес екенін айтады. Ол мемлекеттің инвестициялық климатына тек зиянын тигізуі мүмкін.
«Бірақ біз халықаралық арбитражға бердік. Арбитражда да қорғауға тырысамыз», – деді ол.
Жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке өнімді бөлу туралы келісімдерді елге тиімді жаңа шарттармен ұзарту бойынша келіссөздерді жеделдетуді тапсырған болатын.
Келісімге сай, Теңіз бойынша шарт 2033 жылы, Қарашығанақ пен Қашаған бойынша шарт 2037 және 2041 жылдары аяқталады.
Зерттеуші журналистер халықаралық консорциумы өз зерттеуінде Қашаған кен орнының операторы – NCOC компаниясы мұнайдан түскен табысты 98 пайызын өзінде қалдыратынын жазған.