Қазақстан халқының мойнындағы кредиті 24 трлн теңгеден асты

Ұлттық банктің дерегін сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеде экономикаға берілген кредит көлемі 44,5 трлн теңгеге жетті. 2024 жылғы маусымдағы көрсеткіштен 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық. Соның 20,4 трлн теңгесі – бизнестің алған несиесі болса, халықтың мойнындағы кредит 24 трлн теңгеден асты. Бұл – Қазақстанның бір жылдық бюджетіне тең сома.
Соның ішінде банк секторынан берілген кредит бір жылда 6,8 трлн теңгеге өсіп, 38 трлн теңгеден асты. Бұл – бүкіл несиенің 85%-ы. Халық та, бизнес те банк арқылы несие алуды жалғастырып жатыр.
Микроқаржы ұйымдарынан берілген кредиттер 3 трлн теңгеге жетті. Бір жылда өсім – 500 млрд теңге. Бұл ұйымдар көбіне кепілсіз тұтынушылық несие береді.
Квазимемлекеттік сектордан келген қарыздар 3,2 трлн теңге болды. Бір жылдағы өсім – шамамен 800 млрд теңге.
Халықтың алған несиесі бизнесті басып озды
Бизнеске берілген кредиттер 1 жылда 3,6 трлн теңгеге көбейіп, 20,4 трлн теңгеге жетті. Бұл – 21,6%-ға өсім. Кәсіпкерлер инвестиция мен айналым қаржысына көбірек несие алып жатыр.
Халыққа берілген кредит көлемі 24 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішінде 4,5 трлн теңгеге немесе 23%-ға өскен. Тұрғындар негізінен ипотека, автонесие және тұтынушылық қарыз алады.