Жаңалықтар

Роман Скляр: АЭС құрылысы – өзін ақтайтын комемерциялық жоба

АЭС құрылысына бюджеттен қаржы бөліне ме/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясы (АЭС) құрылысына қанша қаржы кететіні әзірге белгісіз. Жоба шамамен 14 млрд долларға бағаланып отыр. Үкімет брифингінде вице-премьер Роман Скляр АЭС құрылысы ел бюджетіне салмақ салмайды деп мәлімдеді.

Склярдың айтуынша, станцияның технико-экономикалық негіздемесі (ТЭН) 2025 жылдың желтоқсанына дейін дайын болады. Ал жоба-сметалық құжаттар кейінірек ұсынылады.

«14 млрд доллар деген – алғашқы баға. Бұл сома ТЭН жасалғаннан кейін, нақтыланатын болады», – деді Роман Скляр.

АЭС құрылысын ресейлік «Росатом» қолға алады. Склярдың айтуынша, бұл мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейтін, толықтай коммерциялық жоба болмақ. Яғни, ел қазынасынан субсидия не дотация бөлінбейді. Жоба өзін-өзі нарық есебінен өтейді деген болжам бар.

«Қаржыландыру көзі мен пайыздық мөлшерлемесі кейін нақтыланады. Бірақ бір нәрсе анық: бұл – қайтарымы бар жоба. Мемлекет мойнына қарыз алмайды», – деп түсіндірді бірінші вице-премьер.

Сондай-ақ Скляр болашақ АЭС құрылысына қазақстандық құрылыс компаниялар мен жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілер де тартылады деп атап өтті.

АЭС құрылысы жалпы 7 жылға созылуы мүмкін.