Үйімізде су мен жылу болсын десек, коммуналдық қызмет қымбаттайды – Бектенов

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор

Қазақстанда коммуналдық қызмет құны қымбаттай бермек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

«Тарифтерге келсек, олардың қымбаттауы тоқтаған жоқ. Тарифтердің өсуі әрі қарай да жалғасады. Бұл – ауыр, жағымсыз мәселе, дегенмен Үкімет тарифті нарықтық деңгейге жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, коммуналдық саладағы тарифтер ұзақ уақыт бойы қолдан реттеліп, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласына инвестиция тартуға мүмкіндік бермеген. Соның салдарынан үлкен қалалардың коммуналдық саласында 2022-2023 жылдары апат болып, Риддер, Екібастұз сынды шаһарлар қыста жылусыз қалған.

«Қыста үйіміз жылы, суы ағып, жарығы жанып тұрғанын қаласақ, кәріз бен жылу жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, тарифтерді көтеруге мәжбүрміз», – деді ол.

Бұған дейін Үкімет коммуналдық қызмет тарифін көтеруді кейінге қалдырғанын мәлімдеген. Бектенов бұл қадамды тарифтің инфляцияға қысымды азайту үшін қолға алынған шара деп түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз