Үкімет халықтың тұрмысын қалай түземек

Қазақстан халқы тапқан табысының тең жарымын тек азық-түліке жұмсап, кедейлік шегінде өмір сүретіндердің қатары артып келеді. Үкімет отырысынан кейінгі брифинге журналистер Олжас Бектеновтен үкімет халықтың тұрмысын қалай жақсартуды жоспарлап отырғанын сұрады.
«Бұл мәселені шешу үшін экономиканы дамыту керек. Жаңа кәсіпорындар ашып, жаңа жұмыс орындары құру керек. Біз осы бағытта белсенді, кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Биылдың өзінде 190 жаңа кәсіпорын ашылады», -деді премьер-министр.
Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады.
«Біз бұрынғыдай шикізатты жерден қазып алып, оны шетелге өңдеуге жөнелтетін тәсілден бас тартуымыз керек. Сол шикізатты өзімізде өңдеп, табысты Қазақстанда қалдыруымыз қажет. Бұл қадамдардың бәрі елдегі әлеуметтік жағдайға оң әсер етеді. Басқа жол жоқ. Біздің жұмысымыз – осы бағытта жүріп жатыр», – деді ол.
Вице-премьер Серік Жұманғарин бұл ретте азық-түлікке жұмсалатын ақшаның басым бөлігі етке кететінін айтады. Жұманғарин қазір Қазақстанда азық-түлік тапшылығы жоқ деп есептейді.
2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда кедейлік шегі бұрынғыдай ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарап емес, өңірлік медиандық табыстың 35%-ы негізінде есептеліп жүр.