Зейнетақы қаржысын басқарушы жеке компаниялардың табысы Ұлттық банктен асып түскен

2025 жылдың басынан бері жеке басқарушы компаниялар зейнетақы жинақтарын инвестициялауда Ұлттық банкке қарағанда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жанындағы талдау орталығы хабарлады.
1 маусымдағы мәлімет бойынша, елдегі зейнетақы жинақтарының көлемі 22,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 383 млрд теңге немесе 1,7% пайызды құрайды. Былтыр сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,2% болған. Өсімнің баяулауына басты себеп — қаржы нарығындағы тұрақсыздық пен теңге бағамының ауытқуы аясында орын алған теріс инвестициялық табыс.
Жалпы жүйе бойынша инвестициялық шығын 146 млрд теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің басым бөлігі Ұлттық банктің басқаруында. Мәселен, ҰБ портфелінің табыстылығы биыл жыл басынан бері −0,69% болған. Ал жеке басқарушылардың барлығы осы кезеңде оң нәтиже көрсеткен.
Зейнетақы активтерінің тек 0,3%-ы ғана жекеменшік басқарушыларға сеніп тапсырылған. Соған қарамастан, олар табыстылық бойынша ҰБ-дан алда келеді.
Сонымен қатар қордағы қаржының кемуіне қазақстандықтардың артық зейнетақы жинағын шешіп алуы да кері әсер етіп отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл төлем 369 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,5 есе артқан. Жалпы 2021 жылдан бері халық зейнетақы қорындағы ақшасынан 4,8 трлн теңгені шешіп алған. Бұл зейнетақы портфелінің 21%-ын құрайды.
«Қазіргі басқару тәсілінде сақтық басым. Зейнетақы активтерінің едәуір бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған және валюта түріндегі әртараптандыру шектеулі. Бұл әдіс тәуекелдерді азайтқанымен, табысты да шектейді. Осыған байланысты, салымшылар мен жеке басқарушы компанияларға басқару мүмкіндіктерін кеңейту маңызды болып отыр», – дейді сарапшылар.
Бұдан бөлек, жүйеде шешімін таппаған құрылымдық проблемалар да бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының стандарттары бойынша, лайықты зейнетақы – табыстың кем дегенде 40%-ын басатын ақша. Алайда Қазақстанда шамамен 2 миллион ресми түрде жұмыс істейтін азамат пен 450 мың жұмыссыз мүлде зейнетақы жарна төлемейді.