Премьер-министр Олжас Бектенов пен орынбасарлары қайда демалатындарын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Олжас Бектенов пен орынбасарлары қайда демалады / фото: premierminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов және оның орынбасарлары қай өңірлерде демалатынын айтып, еліміздегі туризм саласының проблемаларын ашық мойындады. Үкімет басшысы курорттық аймақтардың көбінде қауіпсіздік пен жайлылықтың базалық талаптары сақталмайтынын атап өтті.

«Туризм саласында мәселе бар екенін жоққа шығармаймын. Біздің көптеген демалыс орындары халықаралық стандартты былай қойғанда, ең қарапайым талаптарға сай келмейді», — деді Бектенов.

Премьер-министр демалыс маусымы басталарда үнемі жақсы есеп берілгенімен, іс жүзінде дайындықтың нашар болатынын айтты. Үкімет бұл бағытта кемшіліктерге жол бергенін ашық мойындады.

«Жаз басталар алдында «бәрі дайын» деген есептер келеді, бірақ іс жүзінде жағдай басқаша болып шығады», — деді ол.

Олжас Бектенов соңғы жылдары демалысқа мүлде шықпағанын айтты. Соңғы рет 2021 жылы Алакөлде демалған екен.

«2021 жылы Алакөлде болған сияқтымын. Содан бері демалысқа шыққан жоқпын. Астанада ең жақыны – Бурабай, бірақ баруға мүмкіндік болмай жатыр», — деді премьер министр.

Бектенов жұмыс сапарымен Кендерлі мен Алакөлде болғанын, алайда шомылуға емес, жағдайды көруге барғанын айтты.

Отандық туризмді қолдаймыз

Премьер-министрдің айтуынша, қазақстандықтардың ел ішінде демалуына жағдай жасау – экономикалық жағынан тиімді. Себебі табыс ел азаматтарына қалады.

«Казахстандықтар ел ішінде демалса, бұл ел экономикасына да тиімді. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істейміз», — деді ол.

Орынбасарларының демалысы

Роман Скляр да көптен бері демалыста болмағанын айтты.

«Өкінішке қарай, мен де көптен бері демалған жоқпын. Бірақ мен туған жерім — Павлодардағы Баянаулды жақсы көремін», — деді Скляр.

Ермек Көшербаев былтыр әкімдікте жұмыс істеп жүргенде бір апта демалғанын айтып өтті:

«4 күнге Еуропаға шықтым, ал қалған демалысты отбасыммен Бұқтырмада өткіздім», — деді ол.

Серік Жұманғарин де соңғы екі жылда демалмағанын атап өтті. Тек Жаңа жылда Ақкөлде болған.

Ал Қанат Бозымбаев өткен жылы су тасқынына байланысты жазғы демалысқа шықпағанымен, апта соңында Ақтаудағы Жылы жағажайда екі күн болғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз