Тоқаев Бозымбаевқа инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-премьер Қанат Бозымбаевты қабылдап, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Бозымбаев президент тапсырмаларын орындау үшін Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсе құрылып, өңірлер бойынша атқарылған шаралар туралы баяндаған. Премьер-министрдің орынбасары өңірлік стандарттар жүйесін енгізу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын атап өткен. Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес облыстар арасындағы және аймақ ішіндегі инфрақұрылымға қол жеткізу барысында байқалатын теңсіздікті төмендетуге болады және елдімекендерді дамыту шараларын тиімді жоспарлауға жол ашылады.
Бұдан бөлек, Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша Ұлттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталған. Айтуынша, ұлттық жоба аясында 86 мың шақырым коммуналдық желінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздері іске қосылады. Бұл орайда отандық тауар өндірушілердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика салаларындағы әлеуеті пайдаланылады.
Бозымбаев президентке тұрғындарды су және кәріз жүйесімен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық жүйелерді басқару бойынша трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқаны жөнінде де баяндаған.
Вице-премьердің есебін тыңдаған Тоқаев өңірлерді теңгерімді дамыту маңыздылығына тоқтала отырып мынадай тапсырмалар берген:
- инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай цифрлы экожүйе енгізу;
- су саласын цифрландыру;
- су үнемдеу технологияларын қолдану.