
Қазақстан ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерін орындай алмай келеді. Осы орайда ел ОПЕК+ келісімінен бас тарта ма? Бұл сұраққа Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді.
Бектенов дәл қазіргі таңда Қазақстанның ОПЕК+ келісімі аясында өз міндеттемелерін орындай алмай жатқанын, оған «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасы өз әсерін тигізгенін айтты.
«Қазақстан ОПЕК мүшесі емес. Біз ОПЕК+ келісімінің қатысушысымыз. Осы келісім аясында өз міндеттемелерімізді барынша орындауға тырысып жатырмыз. Бірақ дәл қазіргі кезеңде ол міндеттемелерді орындай алмай жатқан жайымыз бар. Бұған «Теңіз» кен орнында кеңейту жұмыстарының жүргізілгені себеп», – деді ол.
Премьер-министр ОПЕК+ ұйымындағы әріптестеріне болашақ кеңейту жобасы аясында мұнай көлемі артатынын алдын-ала ескерткен. Айтуынша, осы жылы орындамағанымен, өткен жылы Қазақстан мұнайды ОПЕК+ бекіткен квотада көрсетілген деңгейде өндіре алмаған. Бектенов «Теңіз» кен орнын болашақ кеңейту жобасы аясында мұнай өндіру бойынша ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерін орындау биыл қиындайтынын жеткізді. Өйткені мұнда мұнай инвесторларының мүддесі тұр.
«Қазақстан «Теңіздегі» инвесторларынан өндірісті азайт деп талап ете алмайды. Өйткені олар «Теңізді» кеңейту жобасына 49 млрд доллар құйып отыр. Әрине, олар мұнай өндіру көлемін арттыру арқылы салған қаражатын шығарып алуды көздейді. Десе де, біз ОПЕК+ келісімінен шықпаймыз. Бұл келісім мұнай нарығында тұрақтылық сақтауға көмектеседі. Біз барынша ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерді орындауға тырысамыз. Бірақ ұлттық мүддеге сай әрекет ететініміз анық», – деді Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстан ОПЕК+ міндеттемелерін орындай алмай келеді. Министрлік соған қарамастан жыл соңына дейін мұнай өндірісін азайту жоспары жоқ екенін жеткізген болатын. Бірақ соған қарамастан, Энергетика министрлігі Астанада ОПЕК Бас хатшысы мәртебелі Хайтам әл-Гайспен кездесіп, ОПЕК+ келісімі өз күшінде қалатынын растады.