
Ресей Қазақстанда үш ЖЭО салып беретіні жөніндегі уәдесін орындай алмады. Көрші ел инвесторынан жауап болмаған соң, Көкшетаудағы ЖЭО құрлысын Қазақстан өз қаражатына сала бастаған. Бұл туралы үкімет сағатынан кейін өткен брифингте премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
«Үш ЖЭО-ны алғашқыда Ресеймен бірге жүзеге асырамыз деген жоспар болған. Әзірге Ресей тарапынан кепілдендірілген, арзандатылған қаржы берілген жоқ. Сол себепті Көкшетауда ЖЭО салуды ешкімнің көмегінсіз, өз күшімізбен бастап кеттік. Бұл жобамен «Самұрық-Энерго» айналысып жатыр», – деді премьер-министр.
Ал Семей мен Өскемендегі ЖЭО-лар бойынша Қазақстан тарапы әлі де Ресейден үміт күтіп отыр. Егер көрші ел үнсіз қалса, бұл қалалардың да жылу электр орталықтарын Қазақстан өз қаражатына салады. Премьер-министр ресейлік әріптестерін ұзақ күте алмайтынын айтты.
«Ресей жақын арада жауап бермесе, өзіміз саламыз. Біз ұзақ күте алмаймыз. Бізге жылу мен электр энергиясы керек», – деді Бектенов.
Премьер-министр бұл жобаларға елде де қаражат табылатынын жеткізді. Айтуынша, кез-келген ЖЭО – бизнес жоба. Сондықтан табысты жобаға инвестор тартуға болады.
«Пайдалануға берілген соң ол табыс әкеле бастайды. Яғни салынған инвестия ақталады. Қаражатқа байланысты ешқандай кедергілер жоқ», – деп мәлімдеді премьер-министр.
Айта кетейік, Қазақстанның қалаларында үш ЖЭО-ны қатарынан Ресейдің «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы салуы керек болған.
Алайда мамыр айында Роман Скляр Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында ЖЭО салу бойынша қаражат тапшылығы пайда болғанын айтты. Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те егер Ресей қаржыландырмаса, ақшаны Қазақстанның өзі табатынын айтқан еді. Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс жылу электр станцияларын салу үшін инвесторлар Қытай мен Кореядан тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.