
Ақ үй НАТО бойынша одақтастарына бірінші кезеңде 10 млрд долларға қару-жарақ сатады. Бұл жайлы дереккөздеріне сілтеме жасаған Axios жазады.
Дональд Трамп НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуінде одақтастарына «ең заманауи қару-жарақ» беретінін хабарлады. Ал олар өз кезегінде қаруды Украинаға тасымалдайды.
Басылымның атап өтуінше, альянсқа зымырандар, әуе шабуылынан қорғаныс кешендері, артиллериялық снарядтар сатуы мүмкін. Сонымен қатар, CNN жазғандай, қысқа қашықтыққа арналған зымырандарды, гаубицаларға арналған снарядтарды және орта қашықтықтағы «әуе–әуе» класты зымырандарды да сату мүмкіндігін қарастырып отыр.
Бұған дейін Трамп Украинаға Patriot зымырандарын жіберуге уәде берген еді. Ал жүйенің құнын ЕуроОдақ елдері өтеп беретін болды.