Apple АҚШ-тағы сирек металл өндірісіне 500 млн доллар инвестиция салады

Apple АҚШ-тағы жалғыз сирек жер металдары кен орнының операторы MP Materials Corp. компаниясына 500 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл жайлы дереккөздеріне сілтеме жасаған Fox Business хабарлайды.
Әзірге инвестиция туралы компания ресми түрде хабарлаған жоқ, жақын арада жариялайды дейді дереккөздер.
Басылымның мәліметінше, компаниялар Техастағы Форт-Уэрт пен Калифорниядағы Маунтин-Пасс қалаларында өндіріс орындарын салмақшы
MP Materials Corp. – АҚШ-та тіркелген және сирек жер металдарын өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Инвестиция жайлы жаңалықтан кейін MP Materials акциялары сейсенбідегі сауда сессиясында 8%-ға қымбаттады. Компанияның нарықтық құны жыл басынан бері үш есе өсіп, 7,9 миллиард долларға жетті.
Apple – әлемдегі жетекші технологиялық компанияның бірі. Осы жылдың алғашқы алты айында компанияның жалпы табысы 219,7 млрд долларға жетті. Компанияның қызметі жайлы толығырақ мына материалдан оқуға болады.