FT: Дональд Трамп Зеленскийге Мәскеуге шабуыл жасауды ұсынған

АҚШ президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийге Ресей аумағына, оның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургке шабуыл жасауды ұсынған. Бұл әңгіме жайлы білетін екі дереккөзге сілтеме жасаған Financial Times жазады.
Басылымның мәліметінше, Трамп 4 шілдеде болған телефон әңгімесінде «Владимир, сен Мәскеуге соққы жасай аласың ба? Және Санкт-Петербургке де?» деп сұраған. Зеленский егер АҚШ қажетті қару-жарақ берсе, Украина «әлбетте» бұған дайын екенін айтқан.
Осы әңгімеден кейін АҚШ өкілдері Зеленскийге үшінші елдер арқылы Украинаға жіберілетін ұзақ қашықтыққа арналған қару-жарақ тізімін ұсынады.
14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot зымырандарын жіберуге уәде берген еді. Ақ үй басшысының пікірінше, мұндай қару елді Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғау үшін қажет.
Сондай-ақ Еуропа елдеріне 10 млрд долларға қару-жарақ сататын болды. Ол қаруды НАТО Украина үшін сатып алмақшы.