Қазақстандықтар дерегінің тарауы медициналық ұйымдар кінәсінен болған

16 млн қазақстандықтардың дерегі тарап кетуіне қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, қателік медициналық ұйымдардан кеткен. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Ол жеке деректердің таралуы бойынша тергеу жүріп жатқанын растады.
«Қазір құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Бар ақпаратқа сәйкес, бұл 2022 жылғы деректер дей аламын. Яғни сол кездегі ақпарат тараған. Әрине, мұндай фактінің болуы үкіметке де сын», – деп мәлімдеді ол.
Министрлер кабинеті басшысының сөзінше, деректердің таралуына медициналық ұйымдардың жұмысы себеп болған.
«Алдын ала болжам бойынша, жеке деректер медициналық ұйымдар тарапынан кеткен болуы мүмкін. Олар (ұйымдар – ред.) мемлекеттік деректер базаларына қол жеткізеді, бірақ кейін бұл мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етпейді. Бұл үшін тиісті жауапкершілік қарастырылған. Біз бұл қауіптердің күшеюіне байланысты заңнамалық және жедел деңгейде әрекет ететін боламыз», – деген уәде берді Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, жеке деректердің таралып кетуіне байланысты әлі толыққанды қорытынды шығарылмады, сондықтан ешкім жазаланған жоқ.
«Нақты қорытындылар әлі жоқ. Бірақ мен құқық қорғау органдары бұл істің мән-жайын толық анықтап, оны жіберген адамды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартатынына сенімдімін», – деп атап өтті ол.
Еске салайық, маусымның ортасында желіде 16,3 млн қазақстандықтың жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат тарады. Ұрланған жазбалар арасында қазақстандықтардың жұмыс телефоны, аты-жөні, жынысы, туған күні, ІD идентификатор, ЖСН және мобильді телефоны тәрізді деректер бар.
Осыдан кейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жеке деректер таралуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.