Ауқымды әсері жоқ – премьер Бектенов Трамп тарифі туралы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов үкіметтің сейсенбідегі отырысынан кейінгі брифингінде АҚШ президенті Дональд Трамптың салық саясатына қатысты сауалға жауап берді.

2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанның Құрама Штаттарға жөнелтілген экспортына баж салығы 25% болады. Осы уақытқа дейін АҚШ қазақ тауарынан 10% сауда салығын алып келген. Алайда Трамп билікке келгелі бері Американың әлем елдеріне қатысты салық саясатын түбегейлі өзгертіп жатыр.

Алайда Қазақстан Ақ үй әрекетіне қарсы шара қолданбайды, яғни америкалық тауарға баж салығын өсірмейді. Премьер-министр бүгінгі брифингте осылай деп мәлімдеді.

«Бірден айтайын – ондай жоспар жоқ. АҚШ-тың жаңа салық ережесіне тоқталайын. Біздің АҚШ-қа жіберетін экспорттың жалпы көлемінің 95%-ы осы жаңа ережеге жатпайды. Сондықтан біз ауқымды кері әсерін күтпейміз. Ондай болмайды да. Әрине, біз америкалық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізуге дайынбыз және жүргізіп жатырмыз», – деп мәлімдеді Бектенов.

Айта кетейік, Трамп Қазақстанға Ресеймен байланысы үшін тағы салық салуы мүмкін. Ақ үй басшысы атысты доғармай отырған Ресейдің сауда әріптестеріне де қосымша 100% баж салығын енгізуі мүмкін екенін бір күн бұрын ғана ескертті. Кремль 50 күн ішінде талапты орындамай, Трамп сөзінде тұрса, онда федерацияның басты сауда әріптесінің бірі – Қазақстанның Құрама Штаттарға экспортына баж салығы бірден 125%-ға көтеріледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан импортталатын тауарға 25% баж салығын енгізетінін ескерткен. Осы күнге дейін Құрама Штаттар қазақ тауары үшін 10% көлемінде сауда салығын алып келеді.

10 шілдеде Тоқаев Трамптың кедендік баж салығына қатысты хатына жауап жазды. Оның алдында Астана Трамптың салық саясатының Қазақстан экспортының 95%-на еш әсер етпейтінін мәлімдеген. Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал, титан сынды стратегиялық маңызды шикізат жетізіп отыр. Сол себепті тауардың осындай түрлеріне қосымша баж салығы енгізілмейді. 

Сондай-ақ оқыңыз