
Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында 6,2%-ға жетті. Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деп мәлімдеді.
Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) даму қарқыны маусым айында тағы тағы 0,2%-ға көтерілді. Бұл – кейінгі 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырар болсақ, 2024 жылдың алғашқы жартысында экономика өсімі 3,2% ғана болған.
Жұманғарин экономиканың нақты секторы 8%-ға көтерілгенін атап өтті. Ал қызмет көрсету саласы 5,2%-ға өскен. Қазақстан экономикасының ілгері жылжуына көлік (+22,7%) және құрылыс (+18,4%) салалары айтарлықтай үлес қосты. Бұған қоса, сауда жанданып, тау-кен өнеркәсібі (+8,4%) тұрақты түрде өсіп келеді. Өңдеу секторы 5,5%-ға, ал ауыл шаруашылығы 3,7%-ға көтерілді.
Вице-премьер инвестиция мен сыртқы сауда Қазақстан экономикасының өсіміне дем бергенін де атап өтті. Өйткені республикада негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,3%-ға артқан.
«Сыртқы сауданың жалпы төмендеуіне қарамастан, Қазақстан 6 млрд доллар көлемінде оң сауда балансын сақтап отыр», — деді Серік Жұманғарин.
Болашақ экономикасын қалыптастыратын салаларда өсім байқалады: білім беру 3,5 есеге, қаржы және сақтандыру қызметі – 86,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 48,9%-ға, денсаулық сақтау – 32,8%-ға және көлік – 16,2%-ға өсті.
Сонымен бірге 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда тауар айналымы 53,5 млрд долларға жетті. Экспорт – 29,8 млрд доллар, импорт – 23,8 млрд доллар (2,2%).