
Қазақстан 2025 жылы 25 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында сөз болды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, инвестицияны көбірек тарту үшін «белсенді тәсіл» қолданылады.
«Бизнес қажеттілігі үшін өңірлік инвестициялық бағдарламалар қалыптасты. Олар шетелде инвесторларды нысанаға алу үшін негіз болады. Fast Track немесе «жасыл дәліз» жүйесі бойынша экономиканың басым салаларында 134 инвесторға мемлекеттік қызметті жедел алуға жағдай жасалды», – деп атап өтті вице-премьер.
Бұған қоса, Үкімет тағы 5 трлн теңгені жаңа салық саясатын жүргізу арқылы алуды көздеп отыр.
«Жаңа салық тетіктері бюджетке шамамен 3-5 трлн теңге қосымша түсім береді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға және экономиканың өсуін ынталандыруда мемлекеттің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», – деді министр.
Осының алдында Жұманғарин 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі кейінгі 14 жылда алғаш рет 6,2% болғанын мәлімдеген. Биыл сыртқы сауда тауар айналымы 53,5 млрд долларға жеткен.