
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин 50 күннің ішінде Украинамен соғысты доғармаса, федерацияның сауда әріптестеріне де «шамамен 100%» баж салығын салуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Трамп 14 шілдеде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездескен уақытта айтты, деп хабарлады CNBC.com.
Ресей федералдық кеден қызметінің мәліметінше, оның 2024 жылдағы басты сауда әріптестері: Қазақстан, Қытай, Үндістан, Түркия, Беларусь, Оңтүстік Корея, Германия, Армения, Италия, Өзбекстан.
Трамп Путиннен көңілі қалғанын мәлімдеді. Себебі Ақ үй басшысы Ресей президентімен бірнеше ай бұрын келісіп қойдым деп ойлаған.
«Біз өте қатаң баж салығын енгізгелі отырмыз. 50 күннің ішінде келісімге отырмаса, тариф шамамен 100%-ға жетуі мүмкін. Оны қосымша баж салығы деп есептеңіз», — деді Трамп Ақ үйде.
Атысты доғару туралы келісім 2025 жылғы қыркүйекке дейін жасалмаса, АҚШ қосымша баж салығын енгізуі мүмкін. Бұған қоса, АҚШ Украинаға «миллиардтаған долларға» әскери құрал-жабдық жіберетінін де мәлімдеді. Америкалық компаниялар шығарған қару-жарақ ақысын ЕуроОдақ елдері төлейді. Ал НАТО-дағы одақтастары оны Киевке жеткізеді.
Трамптың қосымша баж салығын Ресей тауарын сатып алып отырған елдер мен ұйымдарға да салады. Сол кезде федерацияда өндірілетін отынға күні қарап отырған Қытай, Үндістан, Бразилия және Түркияға қиын тиеді.
Бұған дейін Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан импортталатын тауарға 25% баж салығын енгізетінін ескерткен. Осы күнге дейін Құрама Штаттар қазақ тауары үшін 10% көлемінде сауда салығын алып келеді.
10 шілдеде Тоқаев Трамптың кедендік баж салығына қатысты хатына жауап жазды. Оның алдында Астана Трамптың салық саясатының Қазақстан экспортының 95%-на еш әсер етпейтінін мәлімдеген. Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал, титан сынды стратегиялық маңызды шикізат жетізіп отыр. Сол себепті тауардың осындай түрлеріне қосымша баж салығы енгізілмейді.