2026 жылы баспана бағасы қымбаттай ма – Үкімет басшысы жауап берді

Премьер-министр Олжас Бектенов қосылған құн салығының көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін айтты. Үкімет басшысы салық кодексінің нормалары күшіне енгеннен кейін, баға саясатында күрт өсім болмайды деп сендірді.
Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары пәтерлерді сату кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылған. Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінде бұл жеңілдік жойылады. Нәтижесінде құрылыс компаниялары ҚҚС-ты 16% мөлшерінде төлеуге міндетті болады. Сарапшылар бұл тұрғын үй бағасының күрт өсуіне әкелуі мүмкін деп ескерткен еді.
«Тұрғын үй нарығында ешқандай күрделі мәселе болады деп ойламаймын. Бұл – нарық, мұнда баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Егер біз үй салмасақ, әрине, баға өсер еді. Бірақ өткен жылы біз 19 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға бердік – бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бұл көрсеткіш 19 млн-нан да асады. Бұл – өте жоғары қарқын», – деді Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, ҚҚС жеңілдігін алып тастау туралы шешім қабылданбас бұрын, үкімет баға қалыптастыру мәселесіне талдау жүргізген.
«Біз құрылыс компаниялары баға қалыптастыру кезінде ҚҚС-тан босатылғанын ескермейтінін байқадық. Яғни олар артық пайда тауып отырды. Сондықтан Салық кодексінің жаңа нормалары енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы күрт өседі деп есептемейміз. Нарықтағы алыпсатарлық немесе жасанды сөз байласу арқылы бағаның көтерілуіне жол бермейміз», – деп сендірді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, маусым айында екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 2024 жылдың осы айымен салыстырғанда орта есеппен 7%-ға өсті. Ал 2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы орта есеппен 3,4%-ға көтерілді.