АИ-92 бензині Қытай көліктерінің қозғалтқышын құрта ма – сарапшы жауабы

Жарияланды 15 Шілде 2025 15:01

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
АИ-92 бензинінің Қытай көліктерінің қозғалтқышына кері әсері қандай? / Фото: kursiv.media архиві

Көптеген Қытай автоконцерндері турбо қозғалтқышпен жабдықталған көліктерде АИ-92 маркалы төмен октанды бензинді қолдануға болатынын айтып жүр. Алайда мамандар мұндай тәжірибені мүлдем құптамайды. «Авилон Mercedes-Benz» компаниясының сервис және қосалқы бөлшектер жөніндегі директоры Алексей Балашов жанармайға байланысты қауіптерді жан-жақты түсіндіріп берді.

АИ-92–нің қозғалтқышқа қауіпті тұсы

Қозғалтқышты АИ-92 маркалы жанармаймен пайдалану детонацияның күшеюіне және механизмге түсетін жүктеменің айтарлықтай артуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, 1,5 литрлік көлемі бар, сығу коэффициенті жоғары (9 бен 11 аралығында) және 190 ат күшіне дейінгі қуаты бар турбоқозғалтқыштар жанармай сапасына аса сезімтал. Төмен октанды бензин детонация ықтималдығын едәуір арттырады. Бұл өз кезегінде цилиндр мен поршень тобына  артық жүктеме әкеліп, қозғалтқыштың қызмет ету мерзімін қысқартады.

Артық шығын мен техникалық сипаттамаға кері әсерін береді

Қазіргі заманғы қозғалтқыш басқару жүйелері АИ-92 бензиніне бейімделе алады, бірақ техникалық жағынан ескеретін тұстары бар. Әдетте мұндай бейімделу от алдыру бұрышын азайту және қозғалтқыштың қуатын шектеу арқылы іске асады. Нәтижесінде жанармай шығыны айтарлықтай артады. Автокөлік өндіруші көрсеткен ресми сипаттамаларға сәйкес жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар арзанырақ бензин арқылы үнемдеу әрекеті жанармайдың көп жұмсалуымен толықтай өтеліп, ешқандай тиімділік бермейді.

Турбинаның қызып кетуі

Балашов сондай-ақ АИ-95 орнына АИ-92 қолдану турбо жүйесінің қатты қызып кетуіне әкелетінін ерекше атап өтті. Детонациямен күресу үшін жүйе ауа-отын қоспасын байытуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде пайдаланылған газдардың температурасын едәуір арттырады. Мұндай жағдай турбинаның да, шығару жүйесінің катализаторының да жұмысына кері әсер етеді.

Еске салсақ, осыыған дейін электромобиль жүргізушісі мен жолаушыларының көлікке отырғанда және жүргенде басы айналып, жүрегі айнитыны жайлы жазған едік. Мамандар мұның ғылыми себебін түсіндіріп берді.

Сондай-ақ оқыңыз