
Биыл шаруалар егіс алқаптарына 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш септі, бұл өткен жылдан 500 мың тоннаға көп. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.
«Ағымдағы жылы жалпы егіс алаңы 23,7 млн гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Соның ішінде, 2 жылда бидай алаңы 750 мың гектарға қысқартылды»,– деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Айдарбек Сапаров майлы және азық дақылдары сияқты табысы жоғары, әрі сұранысқа ие дақылдардың да егіс алаңдары ұлғайғанын айтады.
Бүгінгі таңда шаруалар 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш пайдаланды, бұл өткен жылдан 500 мың тоннаға көп. Осы қарқынды сақтау үшін ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жеңілдетілген «таза» 5%-дық ставкамен қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды,- деді Сапаров.
Министрдің есебіне сенсек, биыл 6 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,7%-ға ұлғайып, 1,8 трлн теңгені құраған.
Айта кетейік, 2025 жылы елдің аграрлық саласын қолдауға 700 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы рәсімдеуге 250 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат шаруалардың жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді несие алуына жағдай жасаған.