Үкімет көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру мәселесін зерттеп жатыр

Үкімет автокөліктердің алдыңғы бүйір әйнектерін қараңғылауға рұқсат беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір тиісті органдар бұл мәселені зерттеп жатыр.
Үкімет кеңестің нәтижелері кейінірек хабарлайтынын жеткізді, алайда нақты қашан екені әзірге белгісіз.
«Автокөліктердің алдыңғы бүйірлік әйнектерін ақылы түрде қараңғылатуды заңдастыру мәселесіне қатысты депутаттық сауалды қарастыра келе, келесіні хабарлаймыз: қазіргі уақытта бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп зерттеліп жатыр. Үкіметтің түпкілікті ұстанымын қалыптастыру үшін кеңес өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты, бұл мәселенің қаралу нәтижелері туралы қосымша хабарланады», – делінген депутаттық сауалға берілген ресми жауапта.
Еске салсақ, осыған дейін мәжіліс депутаты Олжас Кұпсеков Қазақстанда автокөліктердің алдыңғы бүйір әйнектерін қараңғылатуға рұқсат беруді ұсынған болатын. Оның айтуынша, алдыңғы бүйір әйнектерін қараңғылауды ақылы заңдастыру – қауіпсіздікке зиян емес, бюджетке пайда әкеледі. Депутат бұл бастама жүзеге асса, қазынаға түсетін қаржы көлемі жылына 50 млрд теңгеге дейін жетер еді деп болжайды.