
Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізуді тапсырмасын орындау мүмкін бе? Бүгінде оның үлесі қанша пайызға жетті? Бұл сұрақтарға Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қазіргі уақытта жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39%-ды құрап отыр.
«Ал ішінде қарайтын болақ, шағын бизнестің үлесі 32%, ал орта бизнестің үлесі 7%-ға жетті. Иә, 15%-ға дейін жеткізу міндеті бар. Ол үшін мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған, оның барлығын іске асырамыз»,– деді Үкімет басшысы журналистермен өткен брифинг барысында.
Бектенов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жанынан кепілдік беретін қорлар құрылғанын атап өтті. Бұл қорлар орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді деп санайды.
«Бірақ бұл өте күрделі, әрі өте маңызды мәселе. Егер біз орта бизнестің тиісті үлесін қамтамасыз етсек, ол жалпы эконоикалық өсімге, оның тұрақтылығына өте жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан үкімет, жегрілікті атқарушы органдар осы міндетті іске асыру үшін уақытылы жұмыс істеп жатыр»,– деп түсіндірді Премьер-министр.
Еске салсақ, өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15%-ға жеткізу туралы айтқан болатын.